Каспий теңізінің деңгейі тарихи минимумға жетіп, экологтардың дабыл қағуына себеп болды. Energyprom.kz сарапшылары осы мәселе төңірегінде зерттеу жүргізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мамандардың дерегі бойынша, 2024 жылы қарашада теңіздің деңгейі минус 29,03 метрге дейін төмендеген. Мұндай алаңдатарлық көрсеткіш соңғы рет 1977 жылы тіркелген еді. Сол кезде Каспий минус 29,18 метр межесіне дейін тартылып, экологиялық ахуал күрт нашарлаған болатын.
Қазір ғалымдар Каспийдің тартылуының бірнеше себебін айтып отыр. Соның бастысы – Волга мен Жайық сияқты ірі өзендерден теңізге құйылатын су мөлшерінің азаюы. Бұрын бұл өзендерді Атлантика циклоны жиі суландырып, арнасы толып ағатын. Соңғы онжылдықтарда климаттың жаһандық өзгеруі циклон бағыттарын басқа жаққа бұрып, жауын-шашын мөлшері күрт азайды. Оның үстіне ауа температурасының жалпы жылынуы теңіз бетінен буланатын судың көлемін арттырып отыр.
Каспийдің осылай тартылуы аймақтың экологиялық, экономикалық және әлеуметтік жағдайына қауіп төндіріп тұр. Әсіресе теңіздің солтүстік бөлігіне тиесілі Қазақстан аймағы зардапты басқалардан қаттырақ сезінуі мүмкін. Теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан солтүстікте кемелер қатынай алмай, мұнай өндіру жұмысы тоқтап қалуы ықтимал.
Жақында ғана Мәжілісте депутаттар осы мәселеге байланысты дабыл қақты. Парламент өкілдері теңіз суының азаюынан бөлек, мұнай өндіруші компаниялардың қоршаған ортаны ластауы да үлкен мәселе екенін баса айтты. Осы уақытқа дейін ірі мұнай компанияларына салынған экологиялық айыппұлдар көбіне «инвестиция» ретінде кері қайтарылып, қоршаған орта мәселесі тағы да шешусіз қалған болатын. Депутаттар компанияларға қойылатын экологиялық талаптарды қайта қарап, жүйелі түрде заң бұзғандардың лицензиясын уақытша тоқтатуды ұсынды.
Егер Каспий теңізінің тартылу қарқыны жақын арада тоқтамаса, Қазақстанның экологиялық және экономикалық проблемалары еселене түспек. Әрі теңіз жағасындағы елдімекендерде «экологиялық мигранттар» пайда болуы мүмкін деген қауіп те бар.
Мамандардың сөзінше, 1978 жылы теңіз ең төменгі деңгейіне жеткеннен кейін қайтадан толып, 1995 жылы ең жоғарғы шегіне жеткен. Бірақ қазіргі ахуал өзгеше. Егер өткен ғасырдағы сценарий қайталанбаса, Қазақстан алдағы онжылдықта үлкен экологиялық апатқа тап болуы мүмкін.