Каспий құбыр консорциумына қарсы шабуылды қолдау қылмыс па? Министрлік жауап берді

Сағыныш Сардарова 30 жел. 2025 11:34

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдарды ашық қолдауды мемлекетке опасыздықпен немесе терроризмді насихаттаумен теңестіруді ұсынды. Бұл жайтқа Ішкі істер министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz bes.media-ға сілтеп.

ІІМ мәліметінше, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде КҚК сияқты стратегиялық нысандарға шабуылды қолдағаны үшін арнайы бап жоқ. Алайда жарияланған пікірдің мазмұнына қарай ол басқа баптармен бағалануы мүмкін.

Яғни:

  • 256-бап - терроризмді насихаттау немесе террорлық әрекетке жария түрде шақыру. Мәтінде зорлық-зомбылықты ақтау, қолдау немесе дұрыс деп тану белгілері болса, осы бап қолданылады.

  • 174-бап -әлеуметтік, ұлттық немесе өзге де араздықты қоздыру. Бұл бап белгілі бір топқа қарсы өшпенділік немесе күш қолдануға үндеу болған жағдайда қолданылады.

ІІМ ақпаратына сүйенсек, құқықтық баға нақты нысанның аталуына емес, пікірдің мағынасы мен бағыт-бағдарына беріледі.

Ал 175-бап - "Мемлекеттік опасыздық" тек нақты әрекеттерге қатысты қолданылады. Бұл – шетелдік мемлекетке немесе ұйымға ұлттық қауіпсіздікке қарсы іс-қимылда көмек көрсету, тыңшылық, құпия ақпаратты беру, т.с.с. Министрлік "әлеуметтік желідегі пікірлер өздігінен мемлекетке опасыздық болып саналмайды" деп нақтылады.

Сонымен қатар, кез келген жазбаға құқықтық баға беру үшін лингвистикалық және психологиялық сараптамалар жүргізіледі, автордың ниеті мен жауапкершілік деңгейі анықталады. Яғни адам тек шағым негізінде емес, дәлелденген қасақана әрекет болған жағдайда ғана жауапқа тартылады.

ІІМ қолданыстағы заң нормалары жеткілікті деп санайды және Қылмыстық кодекске қосымша өзгеріс енгізуді орынсыз деп есептейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар