Қазақстандық кәсіпкерлер қосымша құн салығының 20 пайызға көтерілуіне қарсы. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кәсіпкерлердің бірлескен отырысына 800 адам қатысқан.
«Бизнес-қауымдастық арасында кеңінен талқыланып жатқан тақырып – ҚҚС мөлшерлемесіне ерекше назар аударғым келеді. Біз мөлшерлеменің өсуін қажетті есептеулермен негізделуі тиіс деп санаймыз және оны біржолғы 20%-ға дейін арттыруға қарсылығымызды білдіреміз», - деді Баталов.
Сондай-ақ, Райымбек Баталов қосылған құн салығы бойынша шекті мәндерді түзету қажет екенін айтты.
«Біз 15 миллион теңге ҚҚС шегіне қарсымыз. Бизнестің кірісі мен өсу қарқынына, әсіресе, әкімшіліктің күрделенуіне әкелетін салдарды талдау маңызды. Сонымен қатар, біз арнайы салық режимін қолдану шегін төмендету бойынша ұсыныспен келіспейтінімізді алға тартамыз», - деді Райымбек Баталов.
Кәсіпкерлерге өзіндік құнын төмендету мақсатында Ұлттық палата әлеуметтік салықты және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау жолымен еңбекақы қорына салық жүктемесін қысқартуды ұсынады.