Кәсіпкерді пара беруге итермелеген алматылық 11 жылға сотталды

Қаракөз Амантай 20 мам. 2025 11:19

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл жолы алаяқтық пен параға итермелеу дерегі бойынша Алматы қаласының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Е. Байқожаға қатысты үкім шығарды. Тергеу мәліметінше, ол «Чапаев – Жаңақала – Сайхин» автожолын күрделі жөндеу бойынша шарттың жалпы сомасының 30 пайызы көлемінде алдын ала төлем жасағаны үшін облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларына 50 млн теңге алаяқтық жолмен алған. Сонымен қатар, кәсіпкерді пара беруге итермелегені анықталды.

“Сот Е. Байқожаны кінәлі деп танып, оны 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ оған мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды”, — делінген Антикор хабарламасында.

Айта кету керек, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Конституция мен Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін әр азамат кінәсіз деп есептеледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар