“Картоп бағасы — 1300 теңге”. Үкімет не дейді?

Қаракөз Амантай 13 мам. 2025 14:51 6928

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов үкіметтің брифингінде қарапайым картоп пен “премиум” картоп арасындағы баға айырмашылығының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Ерте піскен картоптың бағасы оны өсіру технологиясына тікелей байланысты. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында мұндай картоп арнайы үлдірдің астында өсіріледі. Бұл – қосымша шығынды қажет ететін тәсіл. Сондықтан да оның бағасы жоғары”, — деді Сұлтанов.

Оның айтуынша, маусымаралық кезеңде, яғни шетелден әкелінетін картоп әлі толық жеткізілмеген кезде, жаңа жиналған өнімге деген сұраныс артады. Тек даладан терілген, қабығы жұқа әрі сырттай тартымды көрінетін бұл картопқа халықтың ықыласы зор.

“Мұндай өнім “премиум” санатына жатады, сондықтан оның бағасына мемлекет араласа алмайды. Ал қарапайым “әлеуметтік” картоп 400 теңгеге дейін тұрады және баршаға қолжетімді. Сәйкесінше, егер өнім премиум деңгейінде болса, оны әлеуметтік әлсіз топтарға жаппай қолжетімді ету мүмкін емес. Дегенмен, елде картоп тапшылығы жоқ, — деді вице-министр.

Еске салайық, мамыр айының басында бір қазақстандық тұрғын әлеуметтік желіде видео жариялап, картоптың 1300 теңгеге дейін қымбаттап кеткеніне наразылығын білдірген еді.

“Шетелден әкелінбеген, жергілікті өнім болса да, неге мұнша қымбат?” — деп таңданысын жасырмады ол.

Ал дүкендерде қарапайым картоп шамамен 390 теңгеден сатылып жатыр. Алайда 2025 жылдың қаңтар айында халыққа әрдайым қолжетімді болған қарапайым картоп күрт қымбаттап, бір келісі 500 теңгеге дейін жеткен еді. Бұл өсімді Ауыл шаруашылығы министрлігі арадағы арам пиғылды делдалдардың алыпсатар әрекеттерімен байланыстырған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар