Астанадағы ел көзінен тасалау орналасқан еңселі үй сатылымға шықты. Бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге. Зәулім үйдің Кәрім Мәсімовке қатысы болуы мүмкін,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания Нұра ауданы Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан еңселі зәулім үйді сатуға қойды.
Бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге, кепілдік жарнасы – 117,9 млн теңге. Сауда 25 ақпанда өтеді деп белгіленген.
Мәсімовтің үйі. Фото: ҰҚК
Қызығы, дәл осы үйдің суреттерін 2022 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті экс-төраға Кәрім Мәсімов қамауға алынған кезде жариялаған еді. Тергеу барысында оның заңсыз иемденген бірнеше нысаны анықталған, солардың бірі - еңселі коттедж.
Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Кейін оған «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алуға әрекеттенді» деген ауыр айыптар тағылып, 2023 жылғы сәуірде 18 жылға сотталды. Ол үкімге аппеляциялық шағым түсіргенімен, сот шешімді өзгертпеді. Былтыр жазда «рақымшылыққа ілігемін бе» деген үміті де ақталмай, Тоқаев «мұрттының» өтінішін мақұл көрмеді.
Мәсімовтің үйі. Фото:e-qazyna.kz
Енді Активтерді қайтару мекемесі бір кездері Мәсімов өмір сүрген элиталық үйді аукционға қойып отыр. «Мұрттының» мұрасы мемлекетке қайтарылып, жаңа иесін табуға дайын.
Сарапшылар мұның саудагерлер үшін қызық нысан, ал мемлекет үшін жымқырылған байлықтың бір ұшы елге қайтқаны деп топшылап отыр.