Капустин Ярға жасалған дрон соққысы: Қазақстан үшін қандай қауіп бар?

Қаракөз Амантай 19 қаң. 2026 17:00

Астрахань облысындағы Капустин Яр әскери полигонына жасалған дрон шабуылы халықаралық деңгейде қызу талқыланып жатыр. Аталған нысанның Қазақстанмен шекараға жақын орналасуы, сондай-ақ Ресейдің зымыран сынақтарының бір бөлігі Қазақстан әуе кеңістігі арқылы өтуі ел ішінде әскери қауіпсіздік пен экологиялық тәуекелдерге қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Осы мәселеге байланысты әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов жағдайды әскери-саяси тұрғыда саралап, Қазақстан үшін төнуі мүмкін қатерлерге тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әскери баға

Сарапшы Капустин Яр полигонына жасалған дрон шабуылын әскери тұрғыдан “ұтымды әрі дұрыс бағытта қолданылған шара” деп бағалауға болатынын жеткізді. Оның пікірінше, егер дәл осы полигонда орналасқан жауынгерлік-атқылауға арналған құралдар жойылса, Ресейдің Украинаға баллистикалық зымыран ұшыру мүмкіндігі шектеледі.

“Бұл түнгі уақытта Украина қалаларын атқылап, бейбіт тұрғындардың өмірін қиып жатқан зымырандардың санын азайтады. Сонымен қатар Украина қарулы күштері айтарлықтай шығынға ұшырамайды”, – дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы дрондардың әлсіз тұсына да назар аударды. Айтуынша, егер Украинада Ресейдің электронды бөгеттеріне көнбейтін, жылдам әрі алысқа дәл ұшатын зымырандар болса, соққының тиімділігі әлдеқайда жоғары болады.

Қазақстанға төнетін қауіп бар ма?

Полигонның Қазақстан шекарасына жақын орналасуы – негізгі тәуекелдердің бірі. Сарапшы бұл жағдай еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретінін жоққа шығармады.

“Ресей әскері Украина дрондарына қарсы қойған электронды бөгеттердің салдарынан ұшқышсыз аппараттар бағытын жоғалтып, Қазақстан аумағына келіп жарылуы мүмкін. Бұл – аса қауіпті сценарий”, – дейді Ермек Сейітбатталов.

Сарапшы бұған дейін Қазақстанның батыс аймақтарында ұшқышсыз аппараттар мен дрондардың құлағаны тіркелгенін атап өтті.

“Аппараттардың ресейлік өндірісте жасалғаны анықталды. Осыған байланысты Қазақстан Қарулы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдерін аталған өңірлерде жеткілікті деңгейде орналастыру қажет”, — деп қосты ол. 

Зымыран сынақтары және әуе кеңістігі тәуекелі

Ресейдің зымыран сынақтары кезінде олардың Қазақстан әуе кеңістігі арқылы өтетіні бұрыннан белгілі. Әскери сарапшы бұл тәжірибенің тәуекелі аз емес екенін айтады.

“Техникалық ақаулар салдарынан зымырандардың бөлшектері кейде аудан аумақтарына, ауылдардың шетіне құлап жатады. Бұл фактілерді Қорғаныс министрлігі құрған комиссиялар бірнеше рет зерттеді. Алайда мәселе түбегейлі шешілген жоқ”, – дейді ол.

Полигондар соғыс жағдайында нысанаға айнала ма?

Ресей мен Украина арасындағы соғыс ұзаққа созылған жағдайда, Ресей жалға алып отырған полигондардың тағдыры да өзекті бола түседі. Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, егер жалға алынған аумақтарда әскери инфрақұрылым салынған болса, оларды заңды әскери нысана ретінде қарастыруға болады.

“Менің ойымша, Қазақстанның батысында Ресей жалға алған кейбір аумақтарда толыққанды инфрақұрылым салынбаған. Алайда бұл тұжырымды тек Қазақстанның батыс бөлігінде жалға берілген екі-үш ауданның аумағына ғана қатысты айтып отырмын. Ал өзге полигондардың жағдайы бөлек қарастыруды қажет етеді”, — деді ол.

Айтуынша, Сарышаған полигонында Кеңес Одағы кезеңінде салынған инфрақұрылымдар бар. Алайда сарапшы Украина Қарулы күштерінің аталған инфрақұрылым нысандарына соққы беруі екіталай деп санайды. Ол бұл пікірге негіз болатын екі басты себепті атады.

Біріншіден, бұл нысандар Қазақстанның егемен аумағында орналасқан, ал оларға соққы жасау Украина тарапынан Қазақстанға қарсы соғыс жариялаумен тең болар еді. Екіншіден, Қазақстан аумағындағы инфрақұрылымдардың басым бөлігі телеметриялық өлшеу құралдарына жатады және қазіргі таңда жауынгерлік-жойғыш сипатқа ие емес. Ал нақты жауынгерлік-атқылауға арналған негізгі құралдар Ресей аумағындағы Капустин Яр полигонында орналасқан. Сондықтан Украина дәл сол нысандарды жойған жағдайда, Қазақстанда қалған инфрақұрылымдардың әскери мәні де, практикалық қажеттілігі де жойылады”, – дейді сарапшы.

Экология және полигон тағдыры

Сарапшы экологиялық мәселені де назардан тыс қалдырмады. Оның пікірінше, қару-жарақ қолданылғаннан кейін қалдықтар жиналып, рекультивация жүргізілмесе, жер мен су уланып, адам мен жануарлар денсаулығына ұзақ мерзімді зиян келтіреді.

“Уланған жерде өскен шөпті мал жесе, оның еті мен сүті де қауіпті болады. Сондықтан бұл полигондарды жабу мәселесін батыл түрде көтеру қажет”, – дейді Ермек Сейітбатталов.

Ол Ресейден түсіп жатқан жалдау ақысының мардымсыз екенін атап өтіп, бір шаршы шақырымға шаққандағы табыс экологиялық және қауіпсіздік шығындарын ақтамайтынын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove