к

к
Коллаж: Dalanews.kz
Елімізде ономастика саласы тіл саясатының негізгі әрі маңызды бағыттарының бірі саналады. Мемлекеттілігімізді бекіту жолында ономастика саласына ауқымды, лайықты деңгейде мән берілуі - басты міндет...

Елімізде ономастика саласы тіл саясатының негізгі әрі маңызды бағыттарының бірі саналады. Мемлекеттілігімізді бекіту жолында ономастика саласына ауқымды, лайықты деңгейде мән берілуі - басты міндеттердің бірі. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ономастика саласына қатысты маңызды өзгерістер болатынын мәлімдеді. Ономастика саласын бір ізге салу, жүйелендіру, еліміздегі көше, елді-мекен, қала атауларын ретке келтіру мақсатында оң бастамалар қолға алынбақ. Соның бірі – ономастика туралы заң қабылдануы. Сондай-ақ, бұл салада бірізділікті қалыптастыру мақсатында орталықтандыру жұмыстары жүргізіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен келелі жиын – Ұлттық құрылтайда ономастика саласына көңіл бөлінуі керек екенін айтып, атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейгенін ашық сынады.

"Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың "Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос" деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.


Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды. Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал. Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы маңызды нысандарға, елді мекен, көшелерге атау беру кезінде ұлттық құндылықтар назардан тыс қалмауы керек екенін қадап айтты. Президент бұл орайда Тәуелсіздік, республика, бірлік секілді ұғымдарға баса мән беруді тапсырды. Еңсесі биік ел болу үшін, ұрпаққа ұлағатты тәрбиені сіңіріп өсіру үшін мұндай мәселеде салғырттық танытуға болмайды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де сұхбаттарының бірінде бір ауылдарда 50 көшеге жеке тұлғалардың есімі берілгенін айтқан еді. Енді көше, елді мекен атауларына қатысты тексеріс күшейіп, кейбір шешімдерге тоқтау салынады, барлығы бақылауға алынады.

"Қазір ономастика саласын реттеп, кейбір ономастикалық комиссиялардың функцияларын орталыққа беріп жатырмыз. Себебі жергілікті жердегі көше, елді мекен атауларын берген кезде әрқайсы өз аталарының құрметіне талпынады. Көшелердің атауларын берген кезде кілең осындай әрекеттер жасалады. ...Айталық, бір ауылда 50 көшенің атын ауыстыратын болып жатса, барлығы да жеке тұлғаның атында. Тек бізде ғана сондай әдет. ...Екіншіден, ескерткіш салу. Ол да бір проблема. Барлығы өздерінің аталарының құрметіне ескерткіш орнатуға тырысады. Сол ғой: біздің ескерткіштер еліне айналып бара жатқанымыз", - деді мемлекеттік кеңесші.

Бұл турасында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының пікір білдірді.