ЖИ елдің болашағын айқындайды — Тоқаев

Қаракөз Амантай 26 қыр. 2025 16:18

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым мен технологиялар кеңесінің отырысында Қазақстанға жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы дамыған әлем жаңа технологиялық жүйеге негізделген экономиканы түбегейлі қайта құру дәуіріне қадам басқанын атап өтті. Көптеген ел дәл осындай тарихи бетбұрыс кезеңдерінде бар күш-жігерін жұмылдырып, дамуда серпіліс жасай алған.

“XV–XVI ғасырларда Қытай әлемдегі ең ірі экономикаға ие болды. Бірақ кейін Англияда өнеркәсіптік революция өтіп, іштен жанатын қозғалтқыштар пайда болды. Бұл революция Қытайды айналып өтті. Соның салдарынан ол опиум соғыстары кезінде екі мәрте сыртқы агрессияның құрбанына айналды. Ал заманауи дәуірдегі қытай басшылары тарихи сабақтарды дұрыс түйіп, ғылымға, жоғары технологияларға, жасанды интеллектке басымдық берді. Нәтижесі айқын – Қытай қазір әлем мойындаған жетекші державаға айналды”, – деп мысал келтірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Президенттің пікірінше, ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу Қазақстанның ұлттық стратегиясы болуы тиіс. Оның жүзеге асуы елдің болашағына және Қазақстанның озық мемлекеттер қатарындағы орнына тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру азаматтардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартып, еліміздің тұрақты ғылыми-технологиялық прогресіне берік негіз қалыптастыратынына сенімді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар