"Жұрт үдере көшіп жатыр, шекарамыз адамсыз қала ма?" Депутат қорқынышты статистиканы айтты

Сағыныш Сардарова 26 қар. 2025 17:49

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауылда жағдай жоқтығынан халық жаппай қалаға көшіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, қазіргі таңда елімізде 6 147 ауыл бар, кейінгі 5 жылда 194 ауыл жабылған.

"1342 ауылда ауыз су, жол, электр, жылу, медицина, интернет мәселелері әлі де шешімін таппаған. Мұндай ауылдарда қалай сапалы өмір сүруге болады? Ауыл халқының 33%-ы ғана өзін-өзі жұмыспен қамтыған, табысы тұрақсыз, ертеңгі күнге сенімдері аз", - деді ол.

Дайрабаевтың айтуынша, ең қатты алаңдататын жағдай - шекарадағы 1383 ауылдың тұрмыс тіршілігі.

"Бұл ауылдарда жылдан жылға халық саны азайып, шекарамыз адамсыз қала ма деген қауіп те жоқ емес. Осы орайда ішкі миграцияның күрт артуы да келеңсіз жағдай туғызып отыр, былтыр ауылдан қалаға 118 мың адам көшіп келген. Бұл – шамамен 30 мың отбасы деген сөз. Бұларға мамандық, жұмыс, үй, мектеп, балабақша – бәрі бюджеттен бөлінуі қажет. ...Ауылдағы жағдайды бүгін шешпесек, қалаларға шамадан тыс жүктеме түседі, жұмыссыздық, қылмыс, әлеуметтік шиеленіс артады", - деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар