Жұрт Назарбаевты жамандаған Жаңбыршинді жазғырды

Dalanews 30 қар. 2022 07:57 1226

Қаңтар оқиғасы отыз жылға созылған Назарбаев дәуіріне нүкте қойды. Ескі жүйенің олқылықтары мен қателіктерін қазбалау науқаны басталып, әулеттің өкілдеріне ашық шүйліккен белсенділердің шоғыры қалыптасты. 

Соның бірі – депутат Жаңбыршин. Қаңтар трагедиясынан кейін Тоқаевтың төңірегіне топтасқан "жаңа есімдердің" арасында Еділ мырзаның аты алдымен аталады.

"Жаңбыршин жүрген жерде Жаңа Қазақстанның лебі еседі" дейді мәжілісменнің көзқарасын құптайтын қауым.

Назарбаевты нысанаға алып, жыл басынан бері "экс-президенттің әулетін әлсірету керектігін" айтудан танбай келе жатқан Жаңбыршин күні кеше тағы бір сұрапыл мәлімдеме жасады.

Оның пікірінше жүйені ескі команданың өкілдерінен толық тазарту қажет, онсыз әділдік орнамайды.

Назарбаевтың семьясы мен сыбайластары әлі де болса де ықпалын жоғалтқан жоқ, олар саяси реформаларды тежеуге тырысады.

"Әділ мемлекет құру үшін - шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін - қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін - інісінің сектасын жоқ қылу керек...", – дейді депутат өз кезегінде.

Әйтсе де әлемжелідегі жұрт Жаңбыршин сөзінің шынайылығына сенбей отыр.


Желідегі белсенділер депутаттың Қаңтарға дейінгі экс-президентті Елбасы күнімен құттықтаған жазбасын тауып алған.

Осыдан бір жыл бұрын, Тұңғыш президент күні қарсаңында Назарбаевтың адами қасиеттерін жіпке тізіп, оның "Қазақстан үшін жаны ауыратынын" айтқан Жаңбыршин келесідей пікір білдірген екен:

"Кеңес империясы ыдырап, мықты деген республикалар, олардың басшылар абдырап қалғанда, Елбасы өз мойнына үлкен жауапкершілік алып, елді соғыссыз, ың-шыңсыз, майдан қыл суырғандай қылып, Қазақстанды алып шықты.

Мұндай тектоникалық өзгерістер бұрын соңды біздің өмірімізде болды ма? Осының бәрін тәуекелге барып, бастайтын лидер керек еді.

Оны Құдай таңдады, елге сондай ерді берді, ел соңына ерді!


Бүгін сол ердің, Тұңғыш Президенттің, Елбасының күні! Құтты болсын! Деніне саулық, отбасына амандық тілейік!", – депті Еділ мырза.

Жаңбыршиннің ескі жазбасы мен су жаңа пікірін сүзгіден өткізген көпшіліктің депутаттан көңілі қалған сынды. Халық қалаулысын "екіжүзділі"  деп айыптаған әлемжелідегі қауым: "Хамелеондардың қасында Хаменова еркек екен. Сотта тұрса да НӘН-ге құрметім бөлек деп ашып айтты. Құбылған жоқ", – дейді.

Еділ мырзаның ескірген пікіріне кешіріммен қарауды сұраған да табылыпты. Олардың пікірінше ескі жүйемен арпалысып, Жаңа Қазақстанды орнатуға шындап кіріскен азаматтардың етегінен тартуға болмайды.

Айта кетелік, Еділ Жаңбыршин Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының белсенді мүшесі.

 

https://dalanews.kz/aimak/83861-qangtar-tragediiasy-turaly-5-seriialy-fil

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар