Журналист Айдос Садықовқа қастандық жасаған күдіктілер ұсталды. Бұл туралы журналистің жары Наталья Садықова хабарлады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, полиция Айдос Садықовқа қастандық жасаған екі адамды ұстаған. Күдіктілер - Қазақстанның екі азаматы болып шыққан. Екеуі де біреудің тапсырысын орындаған.
Екі күдікті 2 маусымда Киевке келіп, пәтер жалдап тұрып, Айдос Садықовты аңдып жүрген.
Наталья Садықованың сөзінше, күдіктілердің бірі - Қостанай облысының Ішкі істер департаментінің қызметкері екен.
Артынша Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Мейрам Қаратаев 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлады.
"Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді", – деді Президент.
Сонымен қатар,депутат Ермұрат Бапи Айдос Садықовқа жасалған шабуылда Қазақстан үнсіз қалмауы керегін жеткізген еді.