Қадірінен қасыреті шаш етектен, бостандықтан бодандығы мол келмеске кеткен қоғамның қыр-сырларын жетік білгендіктен ұстараның жүзінде жүріп, ұлтын қастерлеуге серт еткен, ұлт теңдігін мәдениет пен әдебиет, ғылым мен білімнен іздеген, Орта Азия мен Қазақстандағы шоқтығы биік кемеңгер ұйымдастырушы, оратор Темірбек Қараұлы Жүргенов қоғамдық жұмысқа ерте араласып, халқының мұң-мұқтажына сай ауқымды істердің шешімін тауып, жолға қоя білді.
Батыс, Шығыс халықтарының білімі мен ілімін бойына сіңіре білген тұлға қазақтың марғасқаларымен тізе қосып, елдің дамуы мен өркендеуі барысындағы мемлекеттік деңгейде атқарылатын іс-шаралардың басы-қасында болды.
Өзекті өмірдің өкініштісі - өз қолымен жасап атқарған еңбегінің нәтижесін көре алмау... Небәрі отыз тоғыз жасында, қоғамға еңбегі сіңіп, марапатқа ие болып, халқының қалаулысы – депутат әрі нарком бола тұрып, өз қоғамының жауы атануы, қандай әділет?! Дәмеш Әмірханқызы Ермекова апаймен сұхбат болған кезде өз аузынан естігеніміз естен кетпейді.
Темірбек Қараұлы тұтқындалған күннен бастап, Дәмеш апай сегіз жыл ғұмырын Алжирде халық жауының жесірлері қатарындағы саны жеті мыңнан астам аналармен бірге өткізді. Асыл жарлара қанша қиыншылықты бастарынан кешсе де, сөткесіне он екі-он алты сағат жұмыс істеп, бас бостандығын алу үшін, сүйікті жарларының «халық жауы» еместігін соңғы тынысы біткенше дәлелдеуге бекінгенін; адами рух пен сенімді бір сәтте де естен шығармағанын; тіпті отаны үшін, халқының жарқын болашағы үшін талай мәрте арыз да жазғанын, ( ол кісі майданға да сұраныпты) жанарына жас ала отырып әңгімеледі.
1989 жылдың 28 қаңтарында Үкімет қаулысымен Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына Т. Қ. Жүргеновтың мәртебелі аты берілген еді. Сол жылдары институттың баламалы конкурстан өткен ректоры болып сайланған басшысы ретінде Т. Қ. Жүргеновтің жан-жары Дәмеш апайды іздеп, арнайы кездесуді ұстаздар мен студенттер арасында өткізгеніміздің айғағы ұжым арасындағы Дәмеш апаймен түскен естелік суреттер.
Дәмеш апай Темірбек аға еліміздің тілі мен мәдениетін өркендетудегі орасан зор еңбегі мен қазақ ұлтының зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, болашаққа деген ой-арманы, іс-қимылдарының бастаушысы болғанын, мектеп, театр, өнер, білім салаларына соны жол салып, өркендету асыл ағаның таусылмайтын арманы екенін шебер тілмен, өзек өртер мұңмен жеткізді.
Темірбек Қараұлы тұтқындалған күннен бастап, Дәмеш апай сегіз жыл ғұмырын Алжирде халық жауының жесірлері қатарындағы саны жеті мыңнан астам аналармен бірге өткізді. Асыл жарлара қанша қиыншылықты бастарынан кешсе де, сөткесіне он екі-он алты сағат жұмыс істеп, бас бостандығын алу үшін, сүйікті жарларының «халық жауы» еместігін соңғы тынысы біткенше дәлелдеуге бекінгенін; адами рух пен сенімді бір сәтте де естен шығармағанын; тіпті отаны үшін, халқының жарқын болашағы үшін талай мәрте арыз да жазғанын, ( ол кісі майданға да сұраныпты) жанарына жас ала отырып әңгімеледі. Ия, Темірбектей ұлт зиялысын көрмесек те көргендей, елі үшін «етікпен су кешкен», білімді де парасатты жанның естелік сазына оранған рухани бейнесімен танысу сәті болды.
Асыл жарының ыждағатты, сабырға толы һәм өкініштің де һрті шарпыған сөздерін Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов жалғады. Ол кісінің естелігі Т.Қ.Жүргеновтың жастарға жасаған қамқорлығы, оқуға, білімге тәрбиелеудегі рөлі турасында өрбіді. Асқар Тоқпанов Мәскеу қаласына – ГИТИС-ке оқуға жолдаманы қазақтың бір туар режиссері Жұмат Шанин мен Темірбек ағаның ықыласымен алғанын, оқып жүрген кездерінде Мәскеу қаласындағы қазақстандық студенттермен болған бірнеше кездесулерін еске түсірді. Темірбек аға студенттердің оқу үлгерімдері, жатын орындары, шәкірақыларына қосымша ақша бөліп, алаңдамай білімді де білікті маман ретінде елге оралуларына тілек білдіріп, зор сенім артқанын жеткізді.
«Еліміздің мәдениеті мен білімінің кәсіби деңгейін көтеру болашақта Сіздердің үлестеріңде деген ойын айтып, қиялымызға қанат бітіріп, асқақ арманға бір табан жақындатқаны кеше ғана айтқандай жадымызда сақтаулы қалды. Дархан да парасатты ағаның маған «Мәскеу» мейманханасындағы кездесуден соң: «Асқар кешкі театрларға барғанда киіп жүр», - деп, шетелдің «бастон» матасынан тігілген «қара-қөқ» костюмді сатып алып бергені, дәл бүгінгі күндей есімде. Содан Алматыға оралғаннан кейін ұлы Әуезовтың «Абай» пьесасын сахналағанда «ырым қылып» алғашқы өзім қойған премьераға Темірбек ағаның кигізген костюмімен сахнаға шыққаным ұлы адамдардың сенімінен шығу мен «әруақ қолдасын!» - деген сана түйсігіндегі сезімнің сыры болатын», - деп, естелік ойын түйіндеп айтқан қазақ сахна педогогикасының іргесін қалаған, алғашқы профессионал режиссер, профессор Асқар Тоқпанов болды.
Тағы бір үлкен дәйекті деректі Асқар аға Темірбек Қараұлының өскен, білім алған ортасы туралы ой толғағанда кеңінен толғады. Сыр бойының белгілі ағартушы ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов пен алғашқы «Қазақ-орыс сөздігінің» авторы Досмұхаммед Букин сынды алып ұстаздардан алған тәлім-тәрбие екенін, «ұстазы мықтының - ұстамы мықты» атты қанатты сөздің қашанда қадірі барлығын баса айтты.
-Бір сәтке көңіл бөлейікші, мына бір жайдың өзі - отызыншы жылдарда Тәжік АССР-інің қаржы наркомы, Өзбекстан мен Қазақстанның халық ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқаруы нені білдіреді. Отыздан аспай мұндай биікке жетуінің сыры туа бітті мінезі мен жүре жиған білімінің кенендігі болса керек. Орта Азия мен Қазақстан елдерінде теңдесі жоқ ұлы қоғам қайраткері ғой? - дегенде, зал тік тұрып, ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
Асқар Тоқпанов сөз соңында:
Тағы бір іркіліс кезінде Дәмеш апайдың кешкі астан соң көшеге шығып серуендеп келе жатқанда Темірбектің ұлттық мәдениеттің болашақ қара шаңырағының бой көтерер жері деп Калинин көшесіндегі Абай атындағы академиялық опера және балет театрының орнын қадап көрсеткені, және сол ғимараттың монументальді асқақ еңсесінің биіктігі қазақ өнерінің шыңы іспеттес әрдайым көңілге көрік ұялатады деп баса айтқанын жеткізгенде, зал толы тыңдаушы терең тебіреніспен қошемет көрсеткені көз алдымызда.
Темірбек Жүргенов туралы небір аңызға бергісіз бағалар бар. Атақты академик А.Жұбанов өз естелігінде мынандай жолдар кезігеді: «Т.Жүргеновтың кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік»- деп шешендік, білімдарлықтан тұлғаланған қажыр-қайратына баға берсе, академик Ғ. Мүсірепов: «Т.Жүргенов - тілді де тісті, жігерлі де іскер адам» деген шынайы пікірін Дәмеш апа айтқанда сол бір дәуір көз алдымыздан өткендей күй кешкенбіз...
Дәмеш апайдан соң да Т.Қ.Жүргеновтың туған бауыр-туыстарымен кездесулер жалғасын тапты. Бірақ, академия алдына тұлғаның тұғырда тұрғанын ойластыру кезінде Ректораттың ақылдастар кеңесінде қалауымыз белгілі мүмінші Ескен Аманжолұлы Сергебаевқа түсті. Содан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескен аға: «Аман Бекенұлы, Сен бастадың, ректорымыз Тілеуғали Әшірбекұлы Қышқашбаев қоштады, мен кафедра ұстаздарымен ақылдасып, бастаған істі аяқтауға тырысайын» деп уағдаластық. Ескерткіштің эскизін, жобасын жасап, Ес аға Ректоратқа әкеліп, орнын анықтап, игілікті істің іске асуына тер төккені үшін зор қошеметпен тілегімізді айттық. Міне, осылай ескерткіш 2001 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарымызды еске алу күні қарсаңында өз тұғырына қонды.
Мұндай кемеңгер, біртуар - Темірбек Қараұлы Жүргеновтың торқалы тойы бір мекеменің, бір елдің мерекесі емес, ол исі түркі қағанатының төл мерекесі болуы лазым.
Зейнолла Абажанов