“Жұмысшы мамандықтар қаласы” фестивалі: AGROMASH батыр бейнесі бар комбайнын ұсынды

Қаракөз Амантай 12 ақп. 2025 11:06 779

Күш. Билік. Жеңіс. Қазақ батырларының есімі осы қасиеттермен тығыз байланысты. Қостанайлық зауыт жұмысшылары батырлар мен ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген қазақстандық фермерлер арасындағы ұқсастықты атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші AGROMASH зауыты "Жұмысшы мамандықтар қаласы" фестивалінде өзінің жыл сайынғы бестселлері – ESSIL комбайнын таныстырды. Бұл ерекше техникаға Шақшақ Жәнібек батырдың бейнесі салынған.

"Ауыл шаруашылығында әр жыл бір-біріне ұқсамайды, әр маусым өз қиындықтары мен сынақтарын ала келеді. Сондықтан 2023 жылы біз ESSIL комбайндарына қазақ батырларының бейнесін салуды қолға алдық. Бұл арқылы біз өткеннің, қазіргі заманның және болашақтың патриоттық рухын біріктіруді мақсат еттік. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген адамдар да – біздің батырларымыз, өйткені олар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Табиғаттың қатал жағдайларына да төтеп береді. Бұл бастаманы біз үшінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеміз және ол AGROMASH зауытының фермер-достары арасында үлкен қолдауға ие болды", – дейді AGROMASH компаниясының коммерциялық директоры Николай Пархоменко.


Комбайн тек фермерлерді ғана таңғалдырған жоқ.
AGROMASH стендінің жанында алғашқы күннен-ақ ұзын-сонар кезек пайда болды – келушілер батырдың бейнесі салынған комбайнмен суретке түсуге асықты. Олардың қатарында AGROMASH зауытында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген студенттер де бар.

Компания өкілдерінің айтуынша, AGROMASH қазір орта және жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл сайын жүздеген студент дуальды білім беру бағдарламасы аясында өндірістік тәжірибеден өтеді және кейін зауытқа жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Еске салайық, Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында республикалық «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі басталды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған бұл іс-шара 15 ақпанға дейін жалғасады. Кіру – барлық қалаушыларға тегін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар