2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыспен қамту картасы аясында облыста 24 мың 925 адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 16 мың 211 адам тұрақты, 8 мың 714 адам уақытша жұмысқа қабылданған, деп хабарлайды Dalanews.kz
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жыл басынан бері 1 648 адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағытта тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылып, өңірдің әр аймағында жұмыспен қамту белсенді жүргізілуде. Жобаларды тиімді іске асыру мақсатында жұмысшыларды жаңа жобаларға қайта бағыттау шаралары да жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жоспарланған жұмыс орындарын толық сақтауға мүмкіндік берді. Жұмысқа орналасқан азаматтардың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналарымен қамтылған, электрондық еңбек шарттары енгізілуде.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 мың 486 адам жұмысқа орналастырылған. Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде облыста 9 мың 49 адам жаңадан ашылған кәсіпорындарға жұмысқа қабылданды. Кәсіпорындар ұсынған бос жұмыс орындары арқылы 6 мың 476 азамат жұмысқа орналасты.
Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 205 грант берілді. Бұл өңірдегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға қосымша серпін берді. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында мамандарға жеңілдетілген несиелер ұсынылып, ауылдық жерлерге кадр тарту жұмысы жалғасуда.
2026 жылға арналған жоспарлау жұмыстары да басталды. Келесі жылы 3 мың 977 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 мың 167 уақытша, 810 тұрақты жұмыс орны қарастырылған. Бұл өңірдің жұмыспен қамту саласындағы тұрақты өсімін сақтауға бағытталған.
