Жұманғарин журналистің сұрағын ұнатпай, брифингтен кетіп қалды

Көркем Алдабергенова 24 мау. 2025 11:34

Сенатта өткен брифинг барысында тосын оқиға болды. Вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин журналистің сұрағына шамданып, жиынды аяқтап кетіп қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға BES.media тілшісі министрден бюджетке 200 млрд теңгеден астам салық төлемеген компанияның атауын сұрағанда болған. Жұманғаринге бұл сұрақ ұнамай, микрофонды сөндіріп, залдан шығып кетті. Журналистерге қосымша сұрақ қоюға мүмкіндік берілмеді.

Айта кетейік, бұған дейін министр қазақстандық бірқатар компанияның Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) юрисдикциясына ауысуы салдарынан мемлекет айтарлықтай салықтан қағылып жатқанын мәлімдеген болатын. Ол бұл тәжірибені салықтан жалтарудың бір әдісі ретінде бағалап, салық жүйесіне реформа қажет екенін айтқан.

АХҚО қатысушылары белгілі бір талаптар орындалған жағдайда салықтық жеңілдіктерге ие, соның ішінде дивидендтерге салық салынбайды. Ұлттық экономика министрлігі дәл осы жеңілдіктерді қайта қарау қажет деп есептейді, өйткені оларды негізінен ірі корпорациялар пайдаланып отыр.

Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы орталығының ел экономикасына қосар үлесін жоғары бағалап, оның жұмыс ережелерінен бас тартуға болмайтынын бірнеше рет атап өткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар