Жамбыл облысында жүк пойызы 70 қойды басып кетті

Жамбыл облысында жүк пойызы 70 қойды басып кетті
Фото: Көліктегі полиция департаменті

Жамбыл облысында теміржолға шығып кеткен бір отар қой жүк пойызының астында қалды. Оқиға салдарынан 70 қойдың барлығы қырылып, пойыз қозғалысы шамамен бір сағатқа кешікті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жағдай 2 қазан күні таңертең Жұма мен Тамды станцияларының арасындағы теміржол учаскесінде болған. Жолға мал шыққанын байқаған машинист пойызды шұғыл тоқтатуға әрекеттенген. Алайда арақашықтықтың жақын болуына байланысты соқтығысты болдырмау мүмкін болмаған.

Оқиғадан кейін пойыздар қозғалысы 48 минутқа тоқтады. Полиция малдың 66 жастағы Тараз тұрғынына тиесілі екенін анықтады. Қойларды теміржолдың арнайы бөлінген аумағында жайғаны үшін оның үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.

Ведомство дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың басынан бері пойыздардың шұғыл тежелуіне байланысты 1166 жағдай тіркелген. Соның 881-іне үй жануарларының теміржолға шығып кетуі себеп болған.

Көлік полицейлері мал иелеріне жануарларды теміржол маңында қараусыз қалдырмау керегін ескертті. Мұндай жағдай пойыз қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.