– Оқулықтар туралы сын бұрын да айтылатын. Бұл 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мұндай сын бұрын-соңды болған емес. Неге? Өйткені білім беру жүйесі Кембридж моделіне көшіп, оны практика жүзінде сараптамадан өткізбеді. Оқулықтар асығыс, үстірт жазылды, жыл сайын үш сынып осы жүйеге көшірілді. Авторлар мен сарапшылардың жеткілікті деңгейде дайындығы мен айтарлықтай тәжірибесі болмады. Әрі оқу пәндері қалыптасқан модельге сәйкес келмеді, – депті сенатор.
Жұмағұлов өзінің депутаттық сауалда оқулықтардың құрылымы мен мазмұны терең өзгерістерге ұшырағаны айтылған. Бүгінде оқулық мәтіндері, грамматикалық қателер, иллюстрациялар және тағы басқа мәселелер жұртшылық тарапынан сынға ұшырап келе жатқаны жасырын емес.
Сенаторлар мұны дұрыс деп санайды. Дегенмен, ол мәселенің себептері ауқымды болып отыр. Олар стандарттар мен оқу бағдарламаларының өзінде, оқулықтар солардың негізінде жасалады.
– Қажетті зерттеулер, әдістемелік кешенсіз, оқу бағдарламаларын жаңа тұжырымдамаға сай қайта құру, жаңа мазмұнмен толықтыру жағдайында жүргізілмеді. Барлық мектеп бағдарламаларының мазмұны өте қысқа мерзімде қайта жаңғыртылды. Көптеген мектеп пәндерінің құрылымы мен мазмұны өзінің методологиялық жүйесінен, тұтастығынан, пәнаралық және деңгейаралық жағдайынан айырылып қалды. Оқушылардың жеке деңгейі ескерілместен оқу материалдары толықтырылды, – деп Бақытжан Жұмағұлов біраз жайттың бетін ашып тастапты.
Оқулықтар жасалған кезде барлық пәндердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бастауыш білім берудегі оқудың үлгі бағдарламалары 3 рет өзгертілді және қайта бекітілді. Сенаторлардың пікірінше, бағдарламалар оқулықтарды әзірлеушілерден мүлде бөлек дайындалды.
Сапалы бағдарламаларсыз сапалы оқулықтар жасау мүмкін емес. Үстірт жасалған оқу бағдарламалары әзірлеушілер тарапынан да, мұғалімдер тарапынан да сұрақтар мен қайшылықтар тудырмауы керек. Депутат бұл проблемалар себептерінің бірі ретінде Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы қызметкерлерінің ғылыми атағы мен еңбекақысының төмендігін атады. Бұл академия осы нормативтік құжаттарды әзірлеуші болып табылады.
– Академияның 85 қызметкерінің 24 пайызының ғана ғылыми дәрежелері бар (3 - ғылым докторы, 3-PHD, 17- ғылым кандидаты). Бас ғылыми қызметкердің жалақысы – 119 526 теңге, жетекші ғылыми қызметкер айына – 106 678 теңге алады, аға ғылыми қызметкердікі – 95 192 теңге, ал ғылыми қызметкердің алатыны – 81 955 теңге. Мұндай айлықпен отырған адамнан қандай сапалы жұмыс күтуге болады? Айта кетелік, бұл еліміз бойынша орташа айлықтан екі есе төмен, – деді депутат.
Сенатор сараптама жүргізу рәсімдері мен тетіктерін жетілдіруді, оқулық басылымдары сарапшыларын жаңа деңгейге көтеруді ұсынды. Олардың біліктілігін арттыру әдістемесін әзірлеу, қажетті құзыретін және олардың жауапкершілік дәрежесін айқындау керек. Оқулық авторларының өздеріне деген көзқарасын да өзгерту қажет. Баспалардың барлығы дерлік оқулықтар жазуға жоғары оқу орындарының ғалымдарын, мектеп мұғалімдері мен әдіскерлерді тартады. Барлық тартылған авторлардың негізгі жұмысы бар, олар үшін шығармашылық демалыстар жоқ. Сенатор терминология мәселесіне де тоқталды.
«Лингвистердің өзі кейбір ғылыми терминдерді пайдалануда бір пікірге келе алмайды. Авторлар терминдерді әр сәтте, әртүрлі пайдаланып шатастыруға жол береді. Оқу әдебиетіне қатысты терминдерді бекіту үшін ауқымды жұмыстар жүргізу қажет» деді Бақытжан Жұмағұлов.
Сенатор сонымен қатар мектеп оқулықтары авторлардың қалауы бойынша жасалатын білім беру саласындағы дербес өнімдер емес екенін атап өтті. Олар Мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарына, типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сай жасалуы тиіс, сондықтан осы мәселелердің барлығын кешенді түрде қарау керек екенін ескертіпті.
Біртекті, өміршең оқу бағдарламаларын жасау кешенді түрде қарастырылуы керек. Ұсынылған оқулықтарды алдын ала талқылау үшін кәсіби сараптаманы, авторлар ұжымын, баспагерлер мен педагогикалық қауымдастықты қатыстыра отырып өткізген жөн.