Жуырда сайлау өтеді, теңге одан сайын құнсызданады...

Dalanews 09 қар. 2015 02:12 915

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын қайта  сайлау науқаны өтеді. Бұл туралы алып-қашпа әңгіме бұдан бұрын да айтылған. Бұл жолы нақты ақпаратты әлдебір білікті маман айтты (атын атамауымызды өтінді). Оның сөзіне сенсек, жуық күндері кезектен тыс Парламент Мәжілісінің сайлау науқаны болады. Билік өкілдері қазірше ешкімге тіс жармағанымен, аяқастынан шешім қабылдап, жедел сайлау өткізу жоспарын құрып жатыр.

парБилікке сайлау өткізу не үшін тиімді?

Мұның бірнеше себебі бар.

Жағымды пікірлер төмендегі ойларға тоғысады.

Біріншіден, Президенттік сайлауды өздері жоспарлағандай өткізген билік енді жыл ақырында тағы бір сайлау өткізіп, елде қордаланған мәселелерді шешуге кіріспек. Сол арқылы дағдарысқа қарсы жүйелі жұмыс атқаруды көздейді.

Екіншіден, сыртқы саясатта алуан түрлі өзгерістер болып жатқанына бейжай қарауға болмайды. Ерте қамданып, әуелі мемлекеттік құрылымды жаңарту керек. Ол үшін Парламенттік сайлау өткізілуі тиіс. Сонда ғана жаңа Үкімет жасақталып, олар пәрменді жұмысқа кіріседі.

Үшіншіден, келер жылы, тіпті алдағы бірнеше жыл бойы бүгінгіден де қиын дағдарыс толқыны келеді. Сол үшін әл-ауқатымыз жақсырақ кезде сайлау өткізіп алу Үкіметке де, елге де тиімді.

Ал бұған кері пікірлер тіптен көп.

Біріншіден,  еліміздегі экономикалық қиыншылықты, әсіресе теңгенің күн санап құнсыздануын сәл де болса ұмыттырып, сайлау науқанын улатып-шулатып өткізу – саяси тәсілдің бірі. Бұл сайлаудан ештеңе өзгермейді. «Нұр Отан» баяғыдай шаппай бәйге алады.

Екіншіден, қазір теңгені әзер ауыздықтап отыр. Президент Назарбаевтың өзі соңғы екі жылда теңгенің бағамын ұстап тұру үшін қыруар қаржы жұмсалғанын айтты. Келімбетов туралы ел арасында оңды пікір жоғын ескеріп, оның орнына Ұлттық банкті басқаруға басқа адамды әкелді. Ұлттық банктің қазіргі төрағасы Ақышев та ұзақ отырмайды. Сайлау өткен соң теңгені мүлдем еркін дәлізге жібереді. Мемлекеттік бақылау алынады. Демек, теңге күн санап құлдырай түседі. Бүгінгі бағам бойынша бір доллар 310 теңгені көрсетіп тұрса, алда 500 теңгеге саудалануы мүмкін. Тек сайлаудан кейін.

Үшіншіден, билік бұдан өзге де саяси науқандарды осы сайлау арқылы жүзеге асыруы мүмкін. Елде экономикалық қиыншылық болып жатқанын қанша жасырғанмен, Үкімет шарасыз халде тұр. Сыртқы қарыз күн санап көбейіп келеді, халықтың өмір сүру деңгейі әлемдегі ең кедей елдердегі жағдаймен теңесті. Осының бәріне төзімділік танытпай, әлдебір бүлік басталар болса, жаңа билік құрамы сақадай-сай әзірлікте болуы шарт...

Басқа-басқа, қазақ теңгесіне сенімсіздік күн санап күшейіп келеді. Қалталылар түгелдей банктегі депозиттерін, ішкі айналымдағы ақшаларын долларға айырбастап үлгерген. Тіпті, күнделікті саудадан түскен қаржыларын ірі компаниялар күн сайын доллар сатып алып, доллар күйінше сақтауды әдетке айналдырған. Біз мұндай тенденцияны теңге трагедиясы деп атамасқа шарасызбыз. Билік бұл тенденциямен күресуге, теңгеге сенімділік ұялатуға қауқарсыз. Доллар саудасын ырыққа көндіруге шамалары жетпейді. Өйткені, қара халықтың өзі қолындағы азын-аулақ тиын-тебенін доллармен сақтауға ұмтылады.

Сонымен, жуырдағы бірнеше аптаның көлемінде сайлау туралы әдемі ұран естісеңіз, таңғалмаңыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар