Сәләфизмді тек ағартушылық жолмен жою мүмкін емес. Мен бұл ойымды талай рет БАҚ беттерінде де, еліміздегі осы саладағы жауапты мекеме басшыларына да ашық айтқан болатынмын. Егер тек ағартушылық жолмен жою мүмкін болғанда небір аты әйгілі ғұламаларға толы Мысырда сәләфизм деген мүлдем болмас еді.
Сасық су ағып тұрған кранның аузын жаппастан, тек айналасына толып, тасыған суды ғана сүртіп алумен мәселе шешіледі ме? Әрине жоқ! Ендеше, бүгін біздің жасап жүрген тірлік осыған ұқсайды. Ғаламтор беттері сәләфизм мен экстермизм үгітіне толып тұр. Электронды әдебиеттері, аудио, видео уағыздары өріп жүр. Тіпті сәләфизмді насихаттайтын "кz" доменімен тіркелген сайттар әлі күнге дейін кедергісіз жұмыс істеп тұр.
Ғаламтор бақылауда екені сөзсіз. Әлеуметтік желідегі пікір иелерін анықтау технология дамыған мына заманда қиын емес. Олай болса, сәләфизмді, радикализмді, экстремизді таратып отырғандарды неге анықтап, құрықтамайды? Неліктен оларға көлденең тосқауыл қойылмайды? Неліктен оларға қаржылай демеу беріп отырған кәсіпкерлер жөнге келтірілмейді? Мәселе түсінікті! Өйткені сәләфизм біздің елде заңмен тыйым салынбаған ағым. Тіпті, бізде сәләфизмді "қалыпты", "радикалды" сәләфизм деп екіге бөліп қарастырып отыр. Қалыптыларымен радикалын жөнге келтіреміз деп, "қалыптыларына" еркіндік берілді. Нәтижесінде "қалыптыларының" саны күннен күнге артып отыр. Жалпы сәләфизмді бұлай екіге бөлу қате. "Қалыпты" деген сөз "бұлардан еш қауіп-қатер жоқ" дегенге саяды. Ал барлық сәләфилік ағымдарының қай-қайсының болмасын шейхтары, негізгі діни көзқарастары, оқитын әдебиеттері бірдей. Барлығы Шәкәріміңді шатасты, Абайыңды адасты дейді. Мәулітіңді бидғат, домбыраңды харам, Наурызыңды ширк дейді. Тарихыңа түкіреді, әдет-ғұрыпыңа пысқармайды. Ал осындай ұстанымдағы сәләфизм қалай ғана "қалыпты" саналып, елімізде тайраңдап жүр? Бүгінгі радикалдары кеше қалыптылардың сабында болғанын ұмытпауымыз керек. Радикалдарын уағыз арқылы "қалыптылардың" қатарына өткіземіз дейді "қалыпты" сәләфизмді ақтап алатын базбіреулер. Радикалдың "қалыптыға" айналу мүмкіншілігі бар болса, "қалыптының" да радикалға айналуы да сондай ықтимал. Бұлардың негізгі көзқарастарында анау айтарлықтай айырмашылықтың жоқтығын жоғарыда айттық. Айырмашылық тек сәләфизм идеологиясын жаюдағы тәсілдерінде ғана. Біреуі "революция" десе, екіншісі "эволюция" дейді. Қайсысы қауіпті? Қайсысы нәтижелі?! Жуас қасқыр болмайды!
Бүгінде жауапты мекемелер жоғары жаққа жыл сайын пәленше жүз адам сәләфизмнен бас тартты деп жалған есеп беруде. Бұл тиісті орындарды "ағартушылық арқылы сәләфизмді толықтай жоюға болады" деген қате тұжырымға итермелейтін әрекет. "Менің басшылық кезімде тыныш болсын, ертең не болса, о болсын" деген өзімшіл көзбояушылықтың көрінісі.
Жалпы сәләфизммен күрес екі бағытта қатар жүргізілуі тиіс. Біріншісі заңмен тыйым салу. Оның тетіктері бар. Тек бас қатыру керек. Екіншісі ағартушылық. Қазір бұл бағытта жақсы жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ жеткіліксіз. Өйткені жоспар жоқ. Қаржы тапшы. Сондықтан ең әуелі қаржы көзі қарастырылып, сосын ғылыми орталық, арнайы иститут құрылып, сол жерге шетелдік және жергілікті білікті мамандарды шоғырландыру ләзім. Сәләфизм мен тәкфиризм идеологисына, олардың барлық уәждеріне қарсы жалпылама емес, ғылыми тұрғыда, жоспарлы түрде, жеке-жеке дәйекті жауап беру керек. Кітап, брошюра, видео, аудио материалдар дайындалуы қажет. Тіпті мемлекет тарапынан арнайы көркем фильмдер түсірілуі тиіс. Еліміздегі медресе, университет шәкірттеріне арнайы бағдарлама түзілуі керек. Тағысын тағы...
Тәжікстан, Өзбекстан секілді біз де түбінде заңға жүгінеміз. Тек ол кезде кеш болып жүрмесе...
Қайрат Жолдыбайұлы
Дереккөзі: islam.kz