Ж.Түймебаев: "Оңтүстікте су қоймаларын жеделдетіп салу қажет"

Dalanews 13 мау. 2017 15:07 798

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен кезекті селекторлық режимдегі аппараттық мәжіліс өтті.

Күн тәртібінде тасқын суларды сақтау, жинақтау және таратудың гидротехникалық құрылыстарындағы мәселелер қаралып, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар аясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов баяндама жасады.

Жетекшілер аймақ басшысының су тасқынының теріс әсеріне жол бермеу, сондай-ақ, жиналған суды кейіннен суғаруға пайдалану бойынша су қойма салуға болатын жерлерді анықтау тапсырмасына орай, Оңтүстікте жаңадан жобалық сыйымдылығы 320,5 млн. шаршы текше метрді құрайтын 16 сақтау орнын салуға болатынын айтты. Аталған нысандар іске қосылғанда облыста 17 мың га суармалы жер жаңадан айналымға қосылады екен.

Келтірілген мәліметтерді мұқият тыңдаған Ж.Түймебаев жаңадан салуға болатын 16 су қоймасының 3 млн. халқы бар өңір үшін тым аз екенін айтып, жалпы жұмысты сынға алды. Бұл ретте, аймақ басшысы көршілес Жамбыл облысында 141 су қоймасының бар екенін алға тартты.

− Көршілес облыспен салыстырғанда біздің өңір халқының саны 3 есе көп, бірақ, су қоймаларының саны жағынан олардан 3 есе азбыз. Ауыл шаруашылығына бейім өңірміз дейміз. Түрлі өнімдерді көп шығарамыз. Неге осыны ойламадыңыздар?! 43 су қоймасына жаңадан салынатын 16 нысанды қоссақ, 59 болады. Сонда да жартысына да жетпейін деп тұрмыз. Қалай сонда? Есеп-қисап қайда? Жоспар қайда? 16 емес, бұл кемінде 56 болу керек. Аудан, қала әкімдерімен жеке сөйлестім. Сіздер бар болғаны 1-2-еу шығады деген аудандар 6-7 су қоймасын салуға ұсыныс беріп отыр. Біздің әкімдікке мұнан бөлек, 40-50 жоба дайындауды тапсырамын, − деді әкім барлық аудан, қала әкімдеріне берген тапсырмасында.

Жиында Ж.Түймебаев орынбасары Ж.Бөкенбаевқа облыстың барлық мүмкіндіктерін зерттеу арқылы қосымша үлкен су қоймаларының құрылысын жүргізу бойынша ұсыныстарды жинақтап, Су ресурстары комитетіне ұсынуды жүктеді. Сондай-ақ, бюджеттен құрылысын жүргізу мүмкіндігі болмаған жағдайда, жеке меншік әріптестігі аясында іске асыруды қолға алуды тапсырды. Айта кету керек, облыс аумағында 43 су қоймасы орналасқан.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар