Жолды жөндеп, туризмді дамытамыз – Бейбіт Исабаев

Dalanews 13 мау. 2023 07:33 1239

Жетісу жерінің табиғи-климаттық жағдайы туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгін журналистердің басын қосқан брифингте «Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін аймақта инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүргіземіз», – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысының айтуынша, өткен жылы Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы іске қосылды, «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық» автомобиль жолдарының асфальтбетон жабыны төселді, биыл толық аяқталады.

Туристік маусымға дейін жол бойында Қызылағаш, Жансүгіров, Көлбай, Қабанбай елді мекендерінің тұсында әжетхана мен эстакадасы бар демалу алаңдары іске қосылады.

– Балқашқа дейінгі жол құрылысының 70%-ы аяқталады, келесі жылы толық аяқтап, жағалаудағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысын бастаймыз. Соның нәтижесінде барлық республикалық маңызы бар жолдардың сапасы жақсарады. Келесі жылы "Сарыөзек-Жаркент" жолының жөндеу жұмыстары аяқталады, – деді Бейбіт Исабаев.


Одан бөлек Текеліде тау туризмін дамытуға көңіл бөлініп, шаңғы-биатлон кешенін салудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде, «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына дейінгі жол қайта жаңартылатынын әкім тілге тиек етті.

Сол сияқты Шоқан Уәлиханов кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары тамызда аяқталады, жергілікті бюджеттен 253 млн. теңге бөлінді. «Қазқайтажаңарту» РМК ұйымы музей кешеніне күрделі жөндеуді бастады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар