Биылғы Жолдаудың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуының өзі мемлекеттің осы бағыттан танбағанын көрсетеді.
Ұлт Көшбасшысы бұл жолы халықтың тұрмысын сапалық тұрғыда мүлде жаңа деңгейге көтеретін тамаша бастамалар көтерді. Бір ғана ауыз су және жергілікті жерлерге қатысты тапсырмасына ой жүгіртіп көріңізші.
Бұл жөнінде Н.Назарбаев «2015 жылдан бастап, 3 жылда республика бойынша 2 400 шақырым автожол салынды және жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстар жалғасады және 2020 жылға дейін қосымша тағы 4 600 шақырым жол салынады және жөнделеді. Осылайша, тұтас ел бірінші санаттағы автокөлік жолы желісімен қамтылады» деді.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, жергілікті жолдардың құрылысына бөлінетін қаржының көлемі 150 млрд теңгеге, ал, ауылды жерлерде халықты таза сумен қамтуға қарастырылған қаражат 100 млрд теңгеге ұлғаятын болды. Мұның бәрі қарапайым қазақстандықтардың өмірін жақсарта түсетін шешімдер екені даусыз. Халқымыздың тұрмысы жақсарған сайын оның ертеңгі күнге деген сенімі арта түседі. Халықтың сенімі мен бірлігі бекем болса, Елбасы айтқандай, Қазақстанның бағындырар биіктері әлі алда.
Рахым БАЛАБИЕВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ОҚО құрметті азаматы.
Түркістан облысы.