Жолдау аясында білім беру мен әлеуметтік қолдау жүйесі алға басты - сарапшы пікірі

Ақтоты Жапатова 25 там. 2025 12:14

Қазақстанда Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауы – елдің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Былтырғы Жолдау да экономикалық реформаларға, халықтың әл-ауқатын көтеруге және әлеуметтік саладағы түйткілдерді шешуге басымдық берген еді. Араға бір жыл салып, сол тапсырмалардың қалай орындалғанына көз жүгіртсек. Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов бірқатар нақты нәтижелерді атады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Оның айтуынша, Жолдаудағы негізгі бағыттар – бюджеттік тәртіпті күшейту, салық реформасы, инвестиция тарту, жергілікті бизнесті қолдау және халық табысын арттыру.

«Сондықтан осы бағытта былтыр еліміздің экономикалық өсімін тұрақтандыруға, сыртқы инвестиция тартуға басты назар аударылды. Әрине, инфляция мәселесі өзекті болып қала берді. Дегенмен, Қазақстандық жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелде 7 млрд доллардан астам инвестициялық келісімдер жасалды. Бұл – шетелдік капиталдың елімізге сенім білдіргенін көрсетеді», – дейді сарапшы.

Әлеуметтік бастамалар іске қосылды

Саясаттанушы Жолдауда айтылған әлеуметтік жобалардың да жүзеге асқанын атап өтті. Атап айтқанда, биылғы жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» пилоттық түрде енгізіліп, жәрдемақыларды цифрлық әмиянға аудару басталды.

Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында бүгінде 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылған. Ал отбасылық цифрлық карта жүйесі мұқтаж отбасыларды қолдау шараларын анағұрлым тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беруде.

Білім беру мен ауылға қолдау

Жолдаудағы басты бағыттардың бірі – білім беру саласын дамыту. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ел бойынша 200-ден астам жаңа үлгідегі мектеп пайдалануға беріліп, 500-ден астам балабақша ашылды.

«Бұл өзгерістердің арқасында білім беру жүйесінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып, ауылдық округтердегі шағын несие беру шаралары көптеген отбасыларға қосымша табыс көзіне айналды», – дейді Қазбек Майгельдинов.

Әлі де шешімін күткен мәселелер бар

Сарапшы кейбір түйткілді мәселелердің әлі толық шешілмегенін де жасырмады. Оның ішінде жер қатынастары, су ресурстарын тиімді пайдалану, тариф саясатын жаңарту қажеттігі бар.

«Әр салада қиындықтар болады. Жерді заңсыз қайтарып алу комиссиясы құрылғанымен, бұл бағыттағы мәселе толық шешілген жоқ. Су ресурстарын пайдалану, әсіресе тарифтерді жаңарту – күн тәртібінде тұрған маңызды бағыт», – деп атап өтті саясаттанушы.

Алдағы Жолдаудан не күтеміз?

Қазбек Майгельдиновтің ойынша, биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға, әсіресе халықтың табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

«Алдағы Жолдауда бағаны тұрақтандыру, инфляцияны ауыздықтау және әлеуметтік көмекке назар аударылуы керек. Зейнетақы мен жалақыны арттыру мәселесі бірінші кезекте тұрғаны жөн», – деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар