Жол полициясының көліктерді себепсіз тоқтатуының жиілеуі қоғамда үлкен сұрақ туғызды. Танымал журналист, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова өзінің басынан өткен оқиғаны баяндап, тәртіп сақшыларының негізсіз әрекетіне наразылығын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Кешкі сегізден кейін Ақмол ауылынан шыға бере трасса бойында жол сақшысы маған тоқтауды бұйырды. Артымдағы көлікті де бірден тоқтатты. Екеуіміз де тоқтадық. Полиция қызметкері жаныма келді, амандастым, ол басын изеді, бірақ аты-жөнін атаған жоқ. Заң бойынша өзін таныстыруға міндетті емес пе еді? Әлде тәртіп өзгерді ме? Қазір заңдарымыз елорданың ауа райындай тез өзгереді, еш тұрақтылық жоқ», – деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.
Журналист тоқтату себебін сұрағанда, полиция қызметкері ештеңе түсіндірместен, «жүре беріңіз» депті. Бұл оқиға Әбенова ханымды да, қоғамды да ойландырды: «Қазір көліктерді себепсіз тоқтатуға рұқсат беретін заң қабылданды ма?».
Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының 52-бабында полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтатуға нақты себептері көрсетілген. Бұл тізімде себепсіз тоқтатуға рұқсат етілмейді.
«Ешқандай ережені бұзған жоқпын, жолға енді шықтым, еш негізсіз тоқтатты. Сонда мұның себебі неде? Жол полициясы басқармасы түсініктеме берсін. Қызметкерлердің өзін таныстыру міндеті әлі бар ма? Егер полиция заңсыз әрекет етсе, қандай шаралар қолданылады?» – деп сұрады Әбенова.
Журналистің жазуынша, соңғы кезде көптеген азаматтар жол полициясының себепсіз тоқтатуына тап болуда. Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, не құжат тексермейді, не заңды себептерін айтпайды, «жүре беріңіз» деп қайта жіберетін жағдайлар көбейген.
«Жол полициясының негізгі міндеті – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болса, онда неге жолдардың сапасына дәл осындай белсенділік танытпайды? Мәселен, Ақмол ауылы астанадан небәрі 36 шақырым жерде, бірақ жолы шұрық-тесік, апатқа әкелетін жағдай көп. Полиция соған неге мән бермейді? Әлде тәртіп сақшыларының басты мақсаты жүргізушілерді себепсіз тоқтатып, айыппұл салу немесе пара алу ма?» – дейді Гүлбану Әбенова.
Автор сонымен қатар полиция қызметкерлерінің видеожетонсыз жұмыс істейтін кездері де жиілегенін атап өтті. Оған «жетонның батарейкасы отырып қалды» деп ақталады екен.
«Мұның артында не тұр? Ішкі істер министрлігі бұған нақты жауап беруі керек. Әкімшілік полиция басшылығы үн қатпаса, мәселені министрдің өзіне жеткізуге мәжбүр боламын», – деп түйіндеді журналист.