Мәжіліс депутаты Абзал Құспан “Пошта туралы” заң жобасын талқылау кезінде жауапты органдардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат “Пошта туралы” заңға жыл сайын өзгерістер енгізілуінің себебін түсіндіруді талап етті.
“Пошта туралы” заң 2016 жылы қабылданды. Бар болғаны 45 баптан тұратын қысқа ғана заң. Бірақ 2016 жылдан бері бұл заңға өзгеріс енгізілмеген бірде-бір жыл жоқ. Жыл сайын өзгеріс енгіземіз. Бір жылда бір рет енгізілсе, түсінуге болар еді, алайда біз оны жылына бірнеше реттен өзгертіп жүрміз. Заңның тұрақтылығын қашан қамтамасыз етеміз? Бұл оның сапасыз әзірленгенін көрсетпей ме? Неліктен бірден толық қамтылмаған? Тоқсан сайын осы заңды талқылап отырамыз ба?” – деді Құспан.
Депутаттың айтуынша, биыл заңға бесінші рет өзгеріс енгізілмек.
Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек заманның тез өзгеріп жатқанын алға тартты.
“Бірнеше жаңа сервис пайда болды. Нарыққа бірқатар компания келді. Сондықтан өзгерістер қажет. Менің ойымша, тұрақты ештеңе болмайды”, – деп жауап берді ол.