Жезқазған мыс балқыту зауыты 55 жылдық мерейтойын атап өтті

Ақтоты Жапатова 20 ақп. 2026 16:00

2026 жылы «Kazakhmys Smelting» ЖШС құрылымдық бөлімшесі – Жезқазған мыс балқыту зауыты 55 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде кәсіпорын компанияның маңызды металлургиялық активтерінің біріне және өңірдің өнеркәсіптік орталығына айналды. Бүгінде зауыт құрылымына төрт негізгі цех, сегіз қосалқы бөлімше және мамандандырылған қызмет түрлері кіреді. Олар өндірістік үдерістің үздіксіз жұмысын, өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарының сақталуын, сондай-ақ экологиялық талаптың орындалуын қамтамасыз етеді.

2026 жылғы 9-20 ақпан аралығында кәсіпорында мерейтойға орайластырылған спорттық және салтанатты іс-шаралар өтті. Екі апта бойы жұмыскерлер арасында ұжымдық рухты нығайту үшін мерекелік бағдарламаның бір бөлігі ретінде корпоративтік спорттық жарыс ұйымдастырылды.



20 ақпанда өңірдің минералдық-шикізаттық базасын дамытудың негізін қалаған көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Ал С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында сала ардагерлері мен жұмыскерлерге құрмет көрсетілді.

Қазақмыс корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мыс балқыту зауытының ұжымын құттықтап, еңбегі сіңген жұмыскерлерді марапаттады.



Мерейтой аясында 120 жұмыскер мемлекеттік, корпоративтік және салалық наградаларға ие болды. Марапатталғандардың қатарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасын иеленгендер (8 адам), I, II және III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін алғандар (19 адам), сондай-ақ құрмет грамоталарына ие болған қызметкерлер бар. Бұдан бөлек зауыт жұмыскерлеріне алғыс хат, салалық ынталандыру сыйлығы, бірқатар қызметкерлерге естелік сыйлық табысталды.

Жезқазған мыс балқыту зауытының 55 жылдық мерейтойы – өндірістік жүйенің тұрақтылығының, ұжымның кәсіби біліктілігінің және кәсіпорынның тау-кен металлургия саласын дамыту мен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына қосқан үлесінің айғағы.

Кәсіпорын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруды, өндірістік тиімділікті арттыруды және еңбекті қорғау стандарттарын нығайтуды жалғастырып, Қазақстандағы металлургиялық өндірістің көшбасшыларының бірі мәртебесін сақтап келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove