Jetisy Style жастар фестивалінде әлемдік рекорд жаңарды

Dalanews 07 қаз. 2018 10:32 1026

Қаратал жағалауына облыстың түкпір-түкпірінен фестивальға қатысу үшін 200-дей талантты жас жиналды.

Жетісудағы бұл ауқымды шараны жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, талант көзін ашу мақсатында облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма мен жастар ресурстар орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Фестивальді облыс әкімі А. Баталов та тамашалады.

Қаратал жағалауына кіреберісте келушілерді оркестр қарсы алды. Қалалар мен аудандардан жиналған 100 домбырашы белгілі қазақ күйшілерінің күйлерін орындады. Сондай-ақ мереке аясында поэзия кеші ұйымдастырылып, Newzhetisy конкурсының үздік фотосуреттері, робототехника көрмелері мен ағаш ою өнерінің үздік үлгілері ұсынылды.

Қалалықтар мен қала қонақтары қолөнершілердің Jetisy: Hand made сауда көрмесінен қалаған бұйымдарын сатып алуға мүмкіндік алды.

Jetisy Style жастар фестивалінің аясында ілмекпен тоқыма тоқу ісінің шебері Нұрлан Жартыбеков тоқымадан әлемдік рекорд орната алды. Ол Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында тоқыма сабағынан тәлім береді.

Нұрлан өзінің алғашқы рекордын биылғы жылдың басында жасады. Ол көзін жұмып тұрып бір минутта 56 ілмекті байланыстырып үлгерген. Нұрлан Жастарға қызмет көрсету орталығында тоқымаға кірісіп, 72 сағаттың ішінде демалмастан, ұйықтамастан 35 метр жүн шарф тоқыды. Бұл – тоқымадан әлем тарихындағы жаңа рекорд. Рекордшы Нұрлан Жартыбековті облыс әкімі А. Баталов дипломмен және Jetisy Style жастар фестивалі атауы жазылған арнайы статуэткамен марапаттады.

Спорттық жарыстардың да көрігі қызды: көше гимнасттары Street Workout алаңында көрермендерге өз шеберліктерін көрсетсе, скейттер мен роликтерді жақсы көретіндер үшін арнайы алаңдарда жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар фестиваль қатысушылары мен қонақтары киберспорт аренасында өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жалпы фестивальді ұйымдастырушылар жағалаудың әрбір шаршы метр алаңын тиімді пайдалануды толықтай ойластырған.

Қаратал жағалауында 12 қанатты киіз үй тігілді. Киіз үй жабдықтары

М. Тынышбаев атындағы өлкетану музейі жәдігерлерінің арқасында қазақ мәдениетін толықтай көрсете алды. Интерьерлер символикалық және тарихи маңызда ұсынылды. Киіз үйде фестиваль қонақтары мен қатысушыларын арнайы гид күтіп алды. Мұнда қонақтар қымыз, шұбат және басқа да сүт тағамдарының дәмін татып көрді. Этноауыл аумағында жастар үшін алтыбақан орнатылды. Келушілер аңға салатын қыран бүркіттер мен жүйрік иттерді де тамашалады. Қысқаша айтқанда, фестивальге келгендер қазақтың этникалық ерекшелігін сезініп, бабалар дәстүрін санасында тағы бір жаңғыртты.

Фестиваль аясында көңіл көтеру шаралары да қарастырылды. Жастар караокемен ән салып, арбуз party шарасына қатысты, балалар «Армандар тақтасына» армандарын жазып, асфальтқа сурет салды.

Шарада он шақты аниматор мен төрт косплей балалардың көңілін көтерді. Одан бөлек жағалауда Сібірдің Алтын циркінен келген әртістердің ойыны қабаттаса жүріп жатты. Шоу бағдарламада Ара тотықұсы, хорек- экстримал, өзен маймылы, иттер, әуе гимнасттары, сайқымазақтар және т.б. өз өнерлерін паш етті.

Шара жастар арасында хит-әнге айналған «Самая вышка» әнін орындаушылар Raim&Artur дуэті және басқа да өнерпаздар қатысқан концертпен жалғасып, отшашумен түйінделді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар