Жетісудың қыз-келіншектері тігіншілікпен шетелдіктерді тәнті етті

Dalanews 19 қаң. 2023 08:53 1160

Жетісу өңірінде ұлттық өнерді кәсібіне айналдырған қыз-келіншектер бүгінде аз емес. Солардың бірі – текелілік Қарлығаш Долашева мен Мұсабекова Жазерке. Текелі қалалық әкімдігі анасы мен қызының «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грантқа ие болып, цехқа қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарын толықтырып, өз істерін ашқанын айтады.

Ал сарқандық Назигүл Батырхан алғашқы тігін өнерін құрақ көпеден бастап, қазір өз қолымен тігілген үй интерьерін безендіруге арналған стильді аксессуарларын тұтынушыларға ұсына бастады. Тігін шеберлері жеке іс ашудың алғашқы баспалдақтары қалай басталғанын айтып берді.

– Құрақ құрау, текемет басу, сырмақ тігу сынды ұлттық дәстүрімізді бала кезден бойымызға  сіңіріп өстік. Апаларымызға қолғабыс етіп, тігін техникасын үйрендік. Жалпы тігін тігу шеберлігі – маған анамнан дарыған өнер. Алғашында тек үйде тапсырыс қабылдап, кейін халықтың көңілінен шығып, сұраныс ұлғайған соң тігін шеберханасын ашу туралы ой келді.

Қызым да менің бастамамды қолдап, өз кәсібімізді жолға қою үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға сұраныс білдірдік. Ұсынған жобамыз жеңіске жетіп, өз ісімізді бастап кеттік. Шеберханада 6 адам жұмыс істейміз. Құрақтың түрлі өрнектерін айшықтап, тұтынушының талғамына сай тапсырыстар қабылдаймыз. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы бұйымдарымызға, әсіресе, қыз жасауы мен көрпеше, жастық, қоржындарға сұраныс жоғары, – дейді Қарлығаш Долашева.


Анасына қолдау білдіріп, бір жағына шығысқан жүрген жас кәсіпкер Жазерке Нағызбекқызы:

– Жаңадан кәсібін ашып,  бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, сатуды жолға қою – мұның бәрі оңай шаруа емес. Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Бізде анаммен бірге кәсіп ашу туралы шешімге келіп, өз ісімізді аштық.

Әрине, алғашқы айларда бірқатар қиындықтармен кезігіп, сол арқылы біраз тәжірбие жинадық. Қазір жаңа технологиялардың заманы. Мен анама тек тігін тігу жағынан ғана емес, дайын өнімдерін әлеуметтік желілерге орналастыруға да көмектесемін.

Жарнама нарығын да зерттеп, халыққа қолайлы қызмет түрін ұсынуға күш салудамыз. Қолөнер орталығымызда түрлі заманауи үлгідегі материалдарды пайдалана отырып, той-томалақтарға арналған сый-сыяпаттарды да дайындауға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ тігіншілеріміздің жұмысын жеңілдету мақсатында құрал-жабдықтарымыздың қорын кеңейту қажеттілігі де туындап отыр.

Цехта әртүрлі бұйымдарды жедел әзірлеу үшін жаңа станоктар мен дәнекерлеуші лазер құрылғылары қажет. Сол мақсатта тағы бір мемлекеттік бағдарламаға қатысып, нәтижесін күтіп отырмыз. Халық алғысын алу, өз ісіміздің нағыз шебері атану – басты мақсатымыз. Сол бағытта аянбай еңбек етуге әзірміз, – дейді.

Шеберхана ұжымының өнімдері тек Текеліде ғана емес, туристердің де арасында сұранысқа ие. Мәселен Түркия, Германиядан келген қонақтар қазақи нақыштағы бұйымдарға тапсырыс беріп, қызығушылық танытқан. Шет елдерге кәдесый ретінде ұлттық бұйымдарын алатын тұрақты тұтынушылары да аз емес.

Нарықта өздерін орнықтырып келе жатқан қолөнер шеберханасының ұжымы жуырда облыс орталығында өткен іскер әйелдердің өңіраралық форумына қатысып, «Құрақ көрпе» номинациясы бойынша арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталған.

Дәл осы форумда «Құрақ көрпе» аталымы бойынша марапат алған қолөнершінің тағы бірі – сарқандық Назигүл Батырхан. Алғашқы тігін жұмыстарын құрақ көрпе тігуден бастаған көп балалы ана тауар түрлерін бірте-бірте көбейте түсті. Қазір тұтынушыларға үй интерьерін безендіруге арналған стильді аксессуарлар ұсына бастады.


Солардың бірі – «Үй тұмары». Ұлттық тұмарлар Назигүлдің тігін өнеріндегі өзіне тән ерекшелігі десе де болады. Олардың әрқайсысы тек түс үйлесіміне ғана емес, сонымен қатар семантикалық мазмұнымен де өзгешеленеді.

Алдымен Назигүл тек өзінің отбасы мен туыстары үшін тігетін, бірте-бірте сүйікті ісі табыс әкелетін шағын бизнеске ұласты. Әзірге тапсырыстар өзі тұратын Сарқан қаласыны тұрғындарынан түседі, бірақ ісін жаңа бастаған әйел мұнымен шектелмекші емес. Бірінші кезекте Сарқан ауданының іскер әйелдер кеңесінің құрамына кіріп, әріптестерін нәтижесімен қуантты. Жақында Талдықорғанда өткен «Өңірдің тұрақты дамуындағы әйелдер бастамалары» атты өңіраралық іскер әйелдер форумына қатысып, өз жұмыстарын таныстырып, форум аясында ұйымдастырылған «Құрақ көрпе» байқауының жеңімпазы атанды. 100 мың теңгенің сертификаты мен дипломын алып, лайықты марапатқа ие болды. Жалпы бұл байқауға Жетісу облысы мен Алматы облысының 57 қолөнершісі қатысып, 150-ден астам жұмыс ұсынылған болатын.

– Тігін цехын ашуды армандаймын, онда көрпеден бөлек түрлі ұлттық киімдер мен үйге арналған әшекейлер жасайтын боламын. Осылайша дәстүрлі қазақ қолөнерін сақтауға және құрақ тігуді насихаттауға үлес қоссам деймін.

Қазір балаларға арналған ұлттық киімдер мен үйге матадан жасалған тұмарлар тігемін. Олар ұлттық өрнектермен, ашық түсті моншақтармен, үкі қауырсындарымен безендірілген түрлі пішінде, әрқилы түсте дайындалады. Мысалы, шаңырақ немесе домбыра түріндегісі де бар. Бұл жай ғана безендіру емес, табысқа жеткізетін, өркендеуге бастайтын, сондай-ақ жағымсыз энергиядан қорғайтын тұмарлар деуге болады. Себебі адамның өз қолымен жасаған заттарында қол еңбегі ғана емес, өнерпаздың рухани энергиясы да мөрленіп тұрады, – дейді Назигүл Батырхан.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар