Жетісудың мемлекеттік қызметшілеріне құрмет көрсетілді

Dalanews 26 мау. 2017 02:40 797

Алматы облысының 6 мемлекеттік қызметшісі «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапаталды. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мемлекеттік қызметші күніне орай өткізілген салтанатты жиында белгілі болды. Мемлекеттік қызметшілерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов құттықтады.

Өз құттықтауында Л. Тұрлашов Елбасының мемлекеттік аппаратты жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударып отырғанына тоқталды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін айтты.



– Мемлекеттік қызмет – бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында алдымызға «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» міндетін қойды.  Бұл орайда  мемлекеттік қызметкердің біліктілігі мен кәсіби деңгейі туралы тақырыптың басты мәселе ретінде көрсетілуі тегін емес.  Әрбір саланың жетістігі, алдағы экономикалық өсім, индустрияландыру саясатының тиімділігі, халықтың әл-ауқаты, жалпы алғанда, елдің даму деңгейі сауатты да кәсіби басқарушылыққа тікелей байланысты, – деп атап өткен облыс әкімінің бірінші орынбасары жиынға қатысушылардың ел игілігі жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі.

Салтанатты шарада 6 мемлекеттік қызметші «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен және бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.

Мұнан кейін сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев та мемлекеттік қызметшілерге ізгі тілегін білдіріп, марапаттар тапсырды.

Мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар ант қабылдады.

Мерекелік жиын соңы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның концертіне ұласты.



 

Алматы облысы әкімнің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар