Жетісуда Италияның Марке политехникалық университеті филиалының жаңа кампусы ашылды

Ақтоты Жапатова 17 шіл. 2025 12:34

Бүгін Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Италияның Марке политехникалық университеті (Marche Polytechnic University) филиалының кампусы ресми түрде ашылды. Бұл шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу, сондай-ақ,  италиялық және жергілікті ғалымдар, студенттер қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Марке политехникалық университетінің филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына сәйкес өңір ерекшелігін ескере отырып, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында ашылған болатын. Қазіргі таңда филиал «Агрономия» – «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары»  қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.

"Жетісу облысында шетелдік жоғары оқу орны филиалының ашылуы біздің жастарымыз үшін зор мүмкіндік, сонымен қатар өңіріміздің аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеруге серпін беретін маңызды бастама. Жетісу – аграрлы аймақ болғандықтан, осы салаға жаңа инновациялар мен озық агротехнологияларды енгізетін мықты мамандар қажет. Бірлескен жобамыз өңірдің кадрлық әлеуетін арттырып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлкен үлес қосады деп сенемін", - деді Б. Исабаев.

Бұл ретте «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» қос дипломдық бағдарламасы бойынша облыс әкімдігі бастапқы кезеңде 14 білім беру грантын бөліп отыр.

Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанда ең мықты шетелдік университеттер филиалдарын ашудың маңызына тоқталды: 

- Мәселен, бүгінде өңірлерде жылыжай шаруашылығы дамуда. Жылыжайлардың жоғары техникалық деңгейін қамтамасыз ететін, цифрлық платформаларын, жылыжайдың жалпы жұмысын жүргізетін мамандар керек. Сондықтан жуырда Талдықорғанға италиялық тағы алты білгір профессор келеді, сөйтіп агрономия саласындағы бағдарламаны іске асырамыз. Алдағы уақытта магистратура, докторантура оқыту бағдарламасын іске қосу жоспарда бар, - деді министр.

Сол сияқты Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Антонелло Де Риу мырза да бұл бастама екі ел арасындағы білім-ғылым саласындағы байланыстарды нығайта түсетін маңызды қадам екенін жеткізді.

Мұнан соң ресми қонақтар кампустың ішін аралап, түрлі зертханалармен, дәріс аудиторияларымен танысты. Мұнда филиал қабырғасында жүргізіліп жатқан аграрлық саладағы бірқатар зерттеу жобалары таныстырылды.

Басқарма төрағасы - университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бурибаевтың айтуынша, Марке политехникалық университетінің филиалында алдағы уақытта тағам инжерениясы, туризм, экономика және цифрлық технологиялар бойынша білім беру бағдарламалары ашылатын болады. Қазіргі кезде Марке политехникалық университетінің қызметкерлері оқытушылық қызметке тартылып отыр. Шетелдік ғалымдар Sara Ruschioni «Agricultural entomology and zoology» (Ауыл шаруашылығы энтомология және зоологиясы), Luca Mazzoni «Fruticulture» (Жеміс шаруашылығы) бойынша дәріс оқып, алғашқы практикалық сабақтарын жүргізуде.

Мұнда білім алып, оқуды сәтті аяқтаған студенттерге ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын италиялық  және ауыл шаруашылығы саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын қазақстандық диплом беріледі. Сондай-ақ, түлектер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.

"Мен Марке политехникалық университеті филиалында «Агрономия және ауыл шаруашылығы технологиялары» мамандығы бойынша 3-курста оқимын. Бізге шетелдік оқытушылар дәріс береді. Филиал базасында түрлі заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Дәрістеріміз бен тәжірибе сабақтарында оларды пайдаланып, білімімізді шыңдап жатырмыз. Сонымен қатар бізде әртүрлі онлайн курстар жүреді, соның ішінде итальян тілін үйрету, Еуропаға барар алдындағы бейімделу курстары да бар. Осы оқу орнында білім алып жүргеніме қуанамын", - дейді студент Малика Арынова. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар