Жетісуда Тұңғыш Президент күні жаңа балабақша пайдалануға берілді

Dalanews 01 жел. 2021 09:20 749

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Алматы облысы Алакөл ауданында жаңа балабақша ашылды. Мұнда 150-дей бала тәрбиеленетін болады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үшарал қаласы тұрғындарын қуанышты жаңалықпен Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов құттықтап, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту ісіндегі кәсіпкерлердің үлесін атап өтті.

–  Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ауданымызда тағы бір жекеменшік балабақша ашылып отыр. Бұл – бәріміз үшін қуаныш. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие – жас ұрпақ үшін аса маңызды. Сондықтан оған ерекше көңіл бөлеміз. Жаңа балабақшада балаларымыз лайықты білім алады деп ойлаймын. Бұл - жерлесіміз Нұржан Қалбаев ашып отырған екінші балабақша. Ынтымақтастықта жұмыс істегені үшін меценатқа көпшіліктің атынан алғыс айтамын. Тұрғындарды алдағы мерекелерімен құттықтаймын, –  деді А.Абдинов.

Атап өтсек, бұл – ауданда ашылып отырған жекеменшік сегізінші балабақша. Алакөл ауданында балабақшамен қамту деңгейі - 99,6%. Мұнда 19 балабақша, 32 мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істейді.

Алакөл аудандық әкімдігінің хабарлауынша, екі қабатты «Көркем-2» жаңа балабақша ғимаратында балалардың білімі мен тәрбиесіне барлық жағдай жасалған. Балғындармен логопед, психолог және басқа да мамандар жұмыс істейді. Ғимарат аумағында балалар ойын алаңы қарастырылған, мұнда олардың дене шынықтыруына мүмкіндік бар.

Жаңа балабақша ашылуының арқасында 50 адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік нысан 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды, қызмет көрсету құны қолжетімді. Көп балалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін қабылданады.

Жалпы Алматы облысында мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту 99% жеткен. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 100% болады деп жоспарланып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар