Бағдарламаның арқасында өңірде экономикадағы өңдеу секторының үлесі 20%-ға дейін өсіп, бұрын соңды өңірде болмаған жаңа – фармацевтика саласы жанданды.
Алда шикізаттық емес сектордың экспортымен айналысу міндеті тұр. Бұл туралы кеше өңірдің актив жиынында облыс әкімі Амандық Баталов айтты.
Амандық Баталов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін толыққанды пайдалану туралы айтқанын еске салды. Басым жобаларға қолжетімді несие беру бағдарламасымен облыста бүгінгі күні небары бес ғана жоба банктердің мақұлдауын алса, тағы үшеуі қарастырылу үстінде.
Облыс әкімі бұл көрсеткіштің Жетісу өңірі үшін тым аз екенін сынға алып, орынбасары Б.Манзоровқа, кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдеріне «қарапайым заттар экономикасы» бойынша жұмысқа белсене кірісу керектігін қатаң ескертті.
Президент жүктеген міндеттердің бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Өткен жылы облыста 26 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, іс жүзінде 31 мыңнан астамы ашылды.
– «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін көтеруіміз керек, сапалы, тұрақты жұмыс орындарын құруға жұмыс істеуге тиіспіз. Тұрғындардың кірісі артса, табысы өссе, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға зор септігі тиеді. Сондықтан облыстық басқармалар басшыларына, аудан, қала әкімдеріне тұрақты жұмыс орындарының құрылуына бағытталған нәтижелі шараларды қолға алуды тапсырамын, – деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі