Жетісуда ардагерлерге 500 мың теңгеден көмек берілді

Dalanews 09 мам. 2019 04:25 825

Биылғы жылы Алматы облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 500 мың теңгеден бір жолғы материалдық көмек беріледі. Бұл туралы   облыс әкімі Амандық Баталов Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған салтанатты қабылдау барысында айтты. Аталмыш сома жергілікті бюджеттен бөлінген. Облыста барлығы 91 соғыс ардагері бар.

Облыс әкімі Амандық Баталов салтанатты қабылдауға келген ардагерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтай отырып, оларға мықты денсаулық, сергек көңіл, ұзақ ғұмыр тіледі:

– Құрметті ардагерлер, сіздерді Жеңістің жарқын мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Соғыстың аяқталғанынан 74 жыл өтті. Бірақ сол сұрапыл жылдардағы біздің ата-апаларымыздың ерлігі әлі күнге біздің жадымызда. Өкінішке қарай, ортамыздағы соғыс ардагерлерінің қатары күннен-күнге сиреп барады. Елбасының қамқорлығының арқасында ардагерлер мен басқа да санаттағы азаматтарға санаторийде тегін емделу мен оңалту шаралары үшін 470 млн теңге бөлініп отыр. Сол сияқты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне қосалқы және көмекші құралдар үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Жеңіс күніне орай облыстық қазынадан әрбір соғыс ардагеріне бір реттік материалдық көмек ретінде 500 мың теңгеден беріледі, – деді А.Баталов.

Сол сияқты Амандық Баталов өз сөзінде жуырда облысқа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысқанын айтты:

– Мемлекет басшысы сапарын қорытындылай келе өңірдің өркендеу жайына оң баға берді. Онда әрқайсыларыңыздың да үлестеріңіз бар. Сіздердің майдандағы және еңбек даласындағы ерліктеріңіз үшін, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызды рөлдеріңіз үшін айтатын алғысымыз зор. Біз өз тарапымыздан сіздерге әрқашан да қолдау көрсетеміз, – деп А.Баталов ардагерлерге деген құттықтау лебізін білдірді.

Ардагерлер атынан Сарқан ауданынан келген Берлібек Ысқақов мерекелік құттықтау сөзін арнады.

– Мемлекет бізге қамқорлық жасап, үнемі көңіл бөліп, құрметтеп келеді. Біз балаларымыздың бейбіт өмір сүргенін, осы азаттығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білгенін қалаймыз және баршаңызға әрдайым ашық аспан, денсаулық пен бақытты ғұмыр тілеймін, – деді Б.Ысқақов.

Алғыс тілектерін аты аңызға айналған «паравоз апа» Алтынай Есболатова және басқа да ардагерлер білдіріп, баталарын берді.

Мұнан әрі салтанатты шара мерекелік түскі аспен жалғасты. Оған облыстың түкпір-түкпірінен 150 ардагер мен тыл еңбеккері қатысты. Олардың әрқайсысына гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар