Тарихтан белгілі ата-бабаларымыз Наурыз мерекесін он күн бойы тойлап, оны «Наурызнама» деп атаған. Осы орайда Наурыз мейрамына тән салт-дәстүрлер де қалыптасқан. Оның ішінде ең маңыздысы – жаңаруға, тазалыққа бет бұру. Наурыз мейрамының мәні тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, сонымен қатар адамдардың өмірін, ортасын тазартуға деген ұмтылысы.
Жаңару күні адамдар үй-жайын, аулаларын қоқыстан тазартып, бұлақ көздерін ашады, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл – Наурыздың басты дәстүрі, табиғат пен адамның үйлесімділігін білдіреді.
Бүгін Жетісу университетінің ұжымы мен студенттері Наурызнама аясында сенбілікке шығып, қоршаған ортаны тазалауға үлес қосты.
– Қоршаған ортаны таза ұстау, оның экологиялық жағдайын жақсарту – әрбір адамның парызы. Біз сенбілікке шығу арқылы табиғат алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, тазалықты өз айналамыздан бастадық. Наурызнама аясында өткізілген осы игі шаралар арқылы жастардың бойында экомәдениетті қалыптастыруға тырыстық, – деді университеттің ректоры Ермек Бөрібаев.

– Бұл сенбілік мен үшін тек экологиялық шара ғана емес, рухани жаңару күні болды. Қоршаған ортаны таза ұстау, оны күту – тек табиғаттың ғана емес, өзіміздің де өміріміздің ажырамас бөлігі екені анық. Біз жастар ретінде осындай шараларға қатыса отырып, өз жауапкершілігімізді сезініп, таза әрі әдемі әлемде өмір сүруге деген ұмтылысты арттырып отырмыз. Осындай бастамалар еліміздің жас ұрпағына экологиялық мәдениетті қалыптастыруда үлкен маңызға ие деп санаймын, – деді «Турзим» мамандығының 2-ші курс студенті Бейсенбай Мәулен.

Жетісуда Ұлттық киімдер күніне орай этнодефиле, көрмелер, отбасылық конкурстар, бейнечеллендж өткізілді.