І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Атом энергетикасы еліміздің тұрақты болашағының бір бөлігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Жетісу облысы мәслихатының хатшысы Гүлнар Тойлыбаева, «AMANAT» партиясының Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы Арыстанғали Арын және білім ордасының ғалымдары, оқытушылары, қызметкерлері мен білім алушылары қатысты.
Іс-шара Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы аясында берілген тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды.
Жиынды І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев жүргізіп, АЭС құрылысы елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлық әлеуетінің өсуіне, жергілікті өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Гүлнар Тойлыбаева білім ордасының ұжымына еліміз үшін Атом электр станциясын салудың экономикалық аспектілерін жан-жақты түсіндірсе, Арыстанғали Арын АЭС салынса елдің отын көздеріне тәуелділігі азайып, халықтың тұрмыс тіршілігі жақсара түсетінін айтты. Сондай-ақ жиынға қатысушылардың АЭС салуға қатысты сұрақтарына толық жауап берілді.
Тақырыпқа орай техникалық факультет деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ілияс Есенғабылов, психология ғылымдарының докторы, профессор Хапиза Наубаева, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Айтпай Рахимбеков, Әлеуметтік-шығармашылық жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Бархудар Гусенов, Жобалық кеңсе басшысы Мирас Абдрахим баяндама жасап, атом энергетикасының бүгіні мен болашағы жайлы өз ойларын ортаға салды.