Биыл Жетісу облысында 113 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс шараларымен қамтылады. Өңірде қала сыртындағы 13 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жазғы демалыс кезінде жалпы білім беру ұйымдарының 1-10 сыныптарындағы 121 694 оқушының 113 112-сін қамту жоспарланып отыр, бұл - оқушылардың 93%. Оның 9 932-сі - әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылардан шыққан балалар.
Оған қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен, демеушілердің, соның ішінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен, кәсіподақ ұйымдары тарапынан қарастырылады. Осылайша оқушылар жазғы демалысты туристік саяхатпен, еңбекпен, шығармашылықпен, интеллектуалдық шыңдаумен өткізеді. Жазғы сауықтыру лагерлеріне 12342 педагог тартылмақ, соның 112-сі - қала сыртындағы лагерлерде, 12000-ы мектеп жанындағы тамақтандырылмайтын лагерьлерде болады. Сонымен қатар балалар демалыс орындарына педагогикалық колледждердің 150 студенті, 80 ерікті тартылады.
«Жетісу облысында балалардың жазғы демалысы 6 жоба аясында «Ұлттық құндылықтар», «Білімнен мамандыққа дейін: еңбек әлеміне экскурсия», «Жасыл клуб», «Жазғы экран», «Жетісу сақинасы» «Ұлттық құндылықтар», «Туристята» жобасы шеңберінде ұйымдастырылады. Мәселен, балалар өңірдегі зауыттар мен цехтарға барып, техникалық-кәсіппен танысып, қарапайым материалдардан өнімдер қалай жасалатынын көреді. Сол сияқты облыстың көрікті жерлеріне, ұлттық саябақтарға, музейлерге т.б. табиғи, тарихи, мәдени, туристік орындарға экскурсиялық саяхат жасайды. Бұл ретте қауіпсіздік мәселесіне, санитарлық талаптарды сақтауға баса көңіл бөлінеді. Демалыс арнайы бекітілген бағдарлама негізінде методикалық ұсынымдарға сәйкес жүргізіледі», - делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.
Жалпы облыстағы 13 балалар сауықтыру лагерінің 11-і - қала сыртындағы жазғы сауықтыру орталығы, 1 - мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы сауықтыру орталығы, 1 - дарынды балаларға арналған лагерь. Солардың бірі – Алакөл ауданындағы «Жансая» жартылай стационарлық медициналық-әлеуметтік мекемесі жанындағы Ерекше балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерінің жұмыс істегеніне биыл үшінші жыл. Осы уақыт ішінде онда аймақтың әр түкпірінен 300-ге жуық бала тегін демалды.
- Биыл Алакөл жағалауында орналасқан Ерекше балаларға арналған сауықтыру лагерінде жазғы кезең 24 маусымда басталады. Биылғы жылы онда ерекше қажеттілігі бар 160 бала тегін демалады. Әр бала 5 күннен демалады. Балалар І-ІІІ топтағы мүгедектігі бойынша тіркелген жеріндегі дәрігер ұсынысының немесе қорытындысының негізінде қабылданады. Орталыққа жетуді ұйымдастыруды заңды өкіл немесе бірге еріп жүретін адам тұрғылықты жерінен Үшарал қаласына дейін дербес жүзеге асырады, бұдан әрі оларды Ақши ауылына, лагерьге жеткізуді біз ұйымдастырамыз. Жалпы, мұндай белсенді демалыс балаларды сауықтыруға ғана емес, әлеуметтендіруге де оң ықпал етеді, - деп атап өтті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Айта кетейік, 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған 40 орындық жазғы сауықтыру лагері 2023 жылы Алакөл ауданы әкімдігінің резиденциясы ғимаратының базасында ашылған болатын. Сапалы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында оған қажетті күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балаларға Алакөл көлінің жағасында демалу үшін барлық жағдайлар жасалды.
Еске салсақ, осы жылы өңірде 131 675 оқушы, атап айтқанда 11 сыныпты 7 866 түлек, 9 сыныпты 12 968 түлек аяқтайды. 23 мамырда 1-11 сынып түлектері үшін Соңғы қоңырау шарасы мектеп аумағында өтіп, «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі.