Жетісу облысы құрылғаннан бергі 3 жылда өңірде 11 саябақ, 5 сквер және 2 аллея салынған, олар атап айтқанда – Ақсу, Алакөл, Кербұлақ, Қаратал, Панфилов аудандарында және Талдықорған қаласында. Сол сияқты 21 саябаққа күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Облыста көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән беріледі. 2022-2024 жылдар аралығында аудан-қалаларда 21 саябақ күрделі жөндеуден өткізілсе, биыл 5 саябақ, 2 сквер, 1 аллея мен 69 ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап өтсек, облыс көлемінде жалпы аумағы 296,3 га болатын 132 саябақ, сквер, аллеялар бар. Мәселен, соңғы жылдары абаттандырылған саябақтардың бірі - Сарқандағы «Қойтас» саябағы. Нысан кезең-кезеңімен көркейтіліп, бүгінде қалалықтардың айтулы демалыс орындарының біріне айналған.
- Сарқан қаласындағы «Қойтас» саябағына жергілікті тұрғындар ғана емес, жан-жақтан келген қонақтар да тамсана қарайды. Күнде кешкісін отбасымызбен серуендеп, Сарқан өзенінің жағалауында емін-еркін жүріп, сергіп қайтамыз, қонақтар келсе, осында алып келеміз. Балалар ойын алаңқайында асыр салып, жасөспірімдер спорттық алаңда футбол, волейбол ойнайды. Мұнда бәрі халық игілігі үшін жасалған, – дейді қала тұрғыны Арайлым Саматқызы.
Еске салсақ, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Жетісу облысының елді мекендерінде бес жылда 538 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. 2021-2024 жылдары 418 мың ағаш егілсе, соның ішінде соңғы үш жылда отырғызылған жапырақты және қылқанжапырақты ағаш саны - 292 мың. Ал биыл аудан-қалалар аумағында 120 мың көшет отырғызу жоспарланған, бүгінгі күнге соның 55,9 мың данасы отырғызылды. Атап өтсек, аудан-қалаларда көктемгі және күзгі маусымдарда тұрғындардың қатысуымен ағаш егу және басқа да экологиялық шаралар жыл бойы «Таза Қазақстан» акциясы аясында белсенді түрде атқарылып келеді. Бұл ретте жыл басынан бергі іс-шараларға өңірде 17 мыңнан астам адам қатысты.
Сонымен қатар облыста аулаларды абаттандыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2023 жылы 56 аула ағымдағы жөндеуден өткізілсе, өткен жылы 110 аула абаттандырылды. Ал биыл тағы 51 ауланы абаттандыру жоспарланған. Оған қоса 140 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттерін (69 шатыр және 71 қасбет) жөндеу жоспарда бар. Бұл ретте әсіресе балалар ойын алаңдарының жаңа кейіпке еніп, көркейтілгеніне көпшілік ерекше риза. Соңғы екі жылда осындай 197 алаң абаттандырылса, биыл 76 балалар және спорт алаңын абаттандыру жоспарлануда. Солардың ішінде Талдықорған қаласындағы «Ұлан» шағын ауданындағы балалар алаңы да бар.
- Бұрын алаңның шаңы шығып, топырақ болып жататын. Үлкен ұлым доп ойнағанда үсті-басы шаң болып келетін. Ал кіші балаларымды аулаға алып шыққанмен ойнататын жер жоқ еді. Өткен жылы ауламызға балалар ойын алаңын салып, түрлі әткеншектер, тренажер құрылғыларын орнатты, үлкендер демалып отыратын орын да қарастырылған. Көрші аулаларда да жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Шағын ауданымыздың кейпі биыл тұтастай жаңаланатынын естіп қуанып қалдық, - дейді көп балалы ана Диана Топарбаева.