Жетісу облыс әкімі Ешкіөлмес ауылындағы төтенше жағдайдың салдарын жойып жатқан штабқа барды

Dalanews 13 там. 2023 13:18 351

Бүгін Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев Ешкіөлмес ауылындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі жедел штабқа барып, атқарылып жатқан шаралардың мән-жайымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудан әкімі Елдос Ахметов пен Жетісу облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Алтынбеков төтенше жағдайдың салдарын жою шаралары туралы баяндады.

Олардың айтуынша, Ешкіөлмес ауылының Шереметьев, Чкалов, Кутузов, Ушаков және Әйтеке би көшелері мен Абай ауылының Бақтыбай және Жангелді көшелерінде 120 ауланы жаңбыр суы басқан, соның ішінде 2 елді мекендегі 21 тұрғын үйге лайлы су кірген.

Қалыптасқан төтенше жағдайды жою шеңберінде аталған екі ауылда Қусақ өзеніне жаңбыр суларын бұру жұмыстары жүргізілді.

Су басқан 43 ауладан 3456 текше метр су сорылды, ұзындығы 450 метр арық жүйесіне механикаландырылған тазарту жүргізілді, 38 аула балшық массасынан тазартылды. Үйінді бөгетін салу үшін 40 тонна топырақ әкелініп, 1500 қап дайындалды, 1 тонна мөлшерінде дизель отыны және 1 тонна мөлшерінде АИ-92 маркалы бензин қоры дайындалды. 


Қазір су тасқыны салдарын жоюға барлығы 284 адам, 44 бірлік техника және 12 мотопомпа жұмылдырылды, соның ішінде ТЖД, «Қазселденқорғау» ММ,  ЖАО, ПД, ЖЖМК, әскери бөлімдердің күші мен құралдары бар.

Аулаларды балшықтан тазарту жұмыстары бүгін де жалғастырылып, су тасқынының қайталануын болдырмау үшін үйінді бөгеттерін жасау жоспарланған.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев су басқан аулалар мен тұрғын үйлерге келтірілген материалдық залалды анықтау жұмыстарын комиссия бір апта ішінде түбегейі аяқтап, қорытындысын шығаруы керектігін тапсырды.

– Бұл жағдай бізге сабақ болуы керек. Ауылдың ішінен өтетін каналдардың сыйымдылығы аз. Тау беткейінен аққан суды суару каналдарына бұруды ретке келтіруіміз керек. Мүмкін 1-2 метрлік шағын дамба жасау керек шығар. Осы мәселеге күзге таман егінді жинап біткеннен кейін түбегейлі кірісіңіздер. Қазір жүріп өткен судан кейін канал, арықтардың бәрі басылып қалды, солардың арнасын ашып тазалаңыздар. Біз төтенше жағдайдың салдарын жоюмен ғана шектелмей, мұндай жағдайдың алдын алу мәселесін де атқаруымыз керек, – деді Бейбіт Исабаев.


Қазір Ескелді ауданының әкімі жергілікті ауқымда төтенше жағдай жариялау туралы мәселені қарастырып жатыр.

Штабтан ары облыс әкімі су басқан тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті.

Еске салсақ, 12 тамыз күні айналасы екі сағаттың ішінде жауын суының айлық нормасының 70%-ы түскен. Сол себепті тау беткейінен жиналған су ағып, Қусақ өзенінің деңгейі көтерілген еді. Соның салдарынан қолданыстағы су бұру каналы толып, елді мекендердегі тұрғын үйлерге кірген болатын.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар