Жетісу жастары Қарлытау шыңын бағындырды

Dalanews 19 қыр. 2019 03:57 941

Алматы облысының жалынды жастардан құралған топ «Параға емес,  биікке ұмтыл» ұранымен Қарлытау шыңын бағындырды.

Экспедиция «Жетісу адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен және Алматы облыстық әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан. Түпкі мақсат – отандық туризмді насихаттау әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру.

Режисер Ерлан Ұшақбаев, экстремалды спортшы Сәкен Кағаров және блогер Аселина Сайлаумбекова бастаған топ Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Қарлытау шыңына шықты. Олар 9 күн ішінде 5450 метр биіктікті еңсерген.

– Биыл «Жастар жылы» деп жарияланғаны біздерді қатты қуантты. Осы орайда ел аумағында әртүрлі бағдарламалар қолға алынып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында біз де атсалысуды жөн санадық. Әрине, биіктікті бағындыру оңайға соққан жоқ. Биіктікке көтерілген сайын ауа райы өзгеріп, қолайсыздықтар да туындады. Алайда мақсатқа жетуге шыдамдылық пен шымырлық және өзара береке-бірліктеріміз мұрындық болды. Қиын да болса қызықты өткен сапардан қанаттана оралдық, – деді спортшы Сәкен Кағаров.

Жалпы, әуесқой альпинистер топ құрамында қазақстандық бейне блогерлер, вайнерлер, lifestyle өкілдері мен спортшылар бар.

– Алматы облысында «Жетісу – адалдық алаңы» атты мекеме құрылған. Сол мекеме аясында шыңдарды бағындыр және жемқорлықтан аулақ бол деген жобамен бірнеше іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Сонымен қатар ерекше атап кететін дүние Алматы облысының жас мемлекеттік қызметшілері «Шыңдарды бағындыр» ұранымен Алматы көліндегі «Үлкен Алматы шыңын» және келер жылы кең көлемде аталып өтілетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай шыңын» бағындыруды жоспарлап отырмыз, – деді Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлиұлы.



Балжан ЖҰМАНБЕКОВА, Алматы облысы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар