Жетісайдағы мақта теріміне еріктілерден 32 бригада жұмылдырылды

Dalanews 17 қыр. 2018 16:20 828

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың қатысуымен  аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мақтаның жиын-терім науқанына байланысты арнайы мәжіліс өтті. 

Жиынға Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы Әділхан Утанов, Жетісай аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек  Ерназаров, қала, кент және ауыл округінің әкімдері, мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.

Мәжілісте алғаш боп сөз алған Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов жиналғандарға бүгінгі мақта теру науқанының барысын баяндады. Оның айтуынша, қазірдің өзінде ауданда қол терім жұмыстарына еріктілерден құралған 32 бригада жұмылдырылыпты. Алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан Жетісай  қаласы мен Асықата кентінің тұрғындары арасынан жұмыссыздарды тарту мәселесі көтерілді. Осы ретте аудан басшысы қала мен кент әкімдеріне жұмыссыз азаматтарды қоғамдық жұмысқа көптеп жұмылдыруды жүктеді. Бұл өз кезегінде мақта терімге шеттен келетіндердің қарасын азайтып, негізгі табысты жергілікті жерде алып қалуға септігін тигізбек.  Сонымен қатар, өңір басшысы ауыл округтерінің әкімдеріне мақта терім науқаны туралы статистикалық мәліметтерді күнделікті беріп отыруды жүктеді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Жетісай ауданында 187 комбайн  мақта теріміне сақадай сай тұр. Оның 77-сі «Джон-Дир» комбайндары. Сондай-ақ, 900-ге жуық трактор мен қосымша тіркемелер әзірленуде.  Бұдан бөлек, ауданға қарасты 11 ауыл округі әкімдеріне шаруаларға қажетті жанар-жағармай талондары үлестіріліп берілген. Биылғы күзгі науқан мен жер жырту жұмыстарына шамамен 9415 тоннадай жанар-жағармай жағу жоспарда бар.

Жиын барысында мақта өңдеу зауытының басшылары да өз ойларын ортаға салды. Олар шаруаларды қол терімді таза әрі ұқыпты өткізуге шақырды. Бұл өз кезегінде мақтаны таза салмақта өткізіп, нақты пайдаға кенелеудің жолы ретінде қарастырылып отыр.

Мәжілісте биылғы мақта бағасына алаңдаған шаруа қожалығының басшылары да сөз қозғады. Олар ең алдымен мақта зауыттарындағы таразының «тазалығын» тексеріп шығаруды сұранды. Өзекті мәселеге орай аудан әкімі Жамантай Қанайұлының бастамасымен өңірге таразы тексеретін арнайы мамандар шақыртылуда. Бұдан бөлек, таразыдан мәселе туындаған жағдай болса, арнайы мобильді топ құрылатыны белгілі болды. Сондай-ақ шаруаларға мақта өткізер алдында зауыттармен келісімшарт жасасып алуға кеңес берілді.

 

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар