«Жеті гүл» лирикалық комедиясы көрерменге жол тартады

Ақтоты Жапатова 03 нау. 2025 11:26 423

Алматы қаласының маңындағы ауылдардың бірінде көпбалалы отбасы тұрады. Бақытты жұптың әрқайсысы алтыннан қымбат алты бірдей қызы бар. «Қыздың несібесі - Құдайдан» деп жатады ғой. Бұл отбасының материалдық жағдайы көл-көсір еді. Бірақ ұрпақ жалғастыратын ұлы болмағандықтан, отағасы Қуаттың көңілінде қаяу бар. Алайда онысын сыртқа білдірмейді. Алты қызды дүниеге әкелген Жұлдыздың жетінші перзентке аяғы ауыр. Қуаттың бұл баладан үміті зор еді. Елден қалмай гендер-пати ұйымдастырып, достарын қонаққа шақырған отбасыда үлкен жаңалық болды. Жасырылған шардың ішінен көк түсті жылтырақтар шашылғанда, ұл күткен әкенің қуанышында шек болмады.

Айы-күні жетіп Жұлдыз перзентханаға жатады. Алты қызбен қоса әкелері Қуат тағатсыздана күтіп жүр. Алайда, тағдырдың жазғаны басқаша еді. Жұлдыз тағы да қыз табады. Күткендері орындалмағандықтан әуре-сарсаңға салынып, Жұлдыз дәрігерлерден «ұл болуы керек еді» деп сұрап шырылдап кетеді. Дәрігерлер «ондай-ондай қателіктер болып тұрады» деп қана жауап қайырады. Жұлдыздың перзентханадан тағы қыз алып шықса, күйеуі Қуат үйге кіргізбей қоя ма деген қорқынышы бар. Не істерін білмей, амалы құрыған ана палатадағы ұл тапқан ауылдас келіншекпен бала ауыстыру туралы келісімге келеді. Ақша ұсынғанында көнбегенімен, артынан көңілді қозғайтын сөздерін айтып ақыры Жұлдыз оны келістіреді.

Осы оқиғаның өмірде орын алуы әбден мүмкін. Алайда, бұл жәй ғана 2025 жылдың 6-наурызынан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында шығатын толықметрлі фильмнің сюжеті ғана. Dakeshi street, Taurus Asia Production және ZER cinema компаниялары бірлесе отырып 2024 жылдың көктемінде осындай туынды түсірді.

Фильмге Данияр Хатим, Бұхар Марат, Анара Жүнісова, Анна Чакиртова продюсерлік етті.

"Бұл фильмдегі оқиғаның маған ерекше ұнаған тұсы оның өзектілігі. Шыныменде 21-ғасырда өмір сүріп жатсақ та, өз қыздарына “ұл” деп басталатын есім қоятын отбасылар бар. Оны ежелгі ата-бабамыздан қалған дәстүр десек те, қазақы ырым десек те жаңа туған нәрестенің тағдырдың бұйрығына не қатысы бар? Есесіне оның өмір бойы өзі қаламайтын есіммен ғұмыр кешуіне тура келеді. Фильмде осы тақырыптарға тереңінен тоқталып, отбасыдағы қыз баланың орнын көрерменге ұғындыруға тырыстық", - деді Бас продюсер Данияр Хатим.

Ал режиссер мен сценарий авторларының айтқысы келген басты ойы Құранның мына бір аяттарымен тұспа-тұс келеді:

«Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды (береді), қалағанына ұл сыйлайды (береді). Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді.» («Шура» сүресі 49 аят)

Сөзсіз «Жеті гүл» фильмі қазіргі таңдағы өзекті тақырыпқа негізделген. Ғасырлар бойы іште сақталған нәзік жандылар үнін қалың көрерменге экран арқылы жеткізуге тырысқан ерекше туынды. Ал бұл фильмде продюсерлік қызмет атқарған Бұхар Марат киноның негізгі идея авторы:

«Алғашында «Жеті гүл» фильмінің идеясы 2023 жылы «Таптым-ау сені» туындысының орынына ойлап табылған еді. Дегенмен Дариға Бадықова прдюсерлік еткен аталмыш фильмге басқа оқиға желісі жазылып, бастапқы идея бізде қалды. Сол үшінде бұл фильмді өзіміз түсіруді жөн санадық. Яғни “Жеті гүлдің” сценарийі бас-аяғы 2 айдың төңірегінде жазылғанымен, оның идеясы 1 жылдан аса пісіп жетілді деуге болады. Сіздің туысыңыз, досыңыз, кем дегенде бір танысыңызда фильмнің сюжетіне арқау болған оқиғаға ұқсас ситуацияның болуы бек мүмкін. Кейбір жанұялар бір перзентке зар болып жүргенде, Құдай берген қыздарының бағасына жете алмай жүрген ата-аналар өкінішке қарай қоғамда жетерлік. Осы жәйттар «Жеті гүл» фильмінің идеясының тууына түрткі болды».

Дархан Кариповтың бұл фильм режиссер ретіндегі алғашқы туындысы. Өзінің дебюттік киносы туралы режиссердің айтар пікірі мынадай:

«Бұл «Жеті гүл» өте нәзік фильм. Мұндағы әрбір жанның өзіндік мінезі, болмысы, көрерменге айтар ойы, берер насихаты бар. Кинодағы барлық кейіпкердің ішкі әлемінде өзі ғана түсінер мұң мен сыр жатыр. Сол үшін сіз фильмді көру барысында жаман адамды байқамайсыз. Керісінше барлығын өз ішіңізде ақтап аласыз».

Тіпті бас кейіпкер Қуаттың ұл аңсаймын деп, өзінің алты қызына қаталдық танытып кетуінің өзін фильм соңында түсінуге тырысасыз. Лирикалық комедия жанрында түсірілген бұл фильмде отбасы құндылығы, әке тәрбиесі, қыз қадірі сияқты тақырыптарды қозғай отыра, қарапайым адам ішіндегі сан алуан арпалысқа толы сезімдердің қақтығысы көрсетіледі. Сол үшінде бұл туынды өміршең фильмдер қатарына кіреді дегенге сенім бар.

Естеріңізге сала кетейік, «Жеті гүл» лирикалық комедиясы 2025 жылдың 6-наурызынан бастап көрерменге жол тартады.

Түсірілім тобы:

  • Режиссер - Дархан Карипов
  • Сценаристер - Бұхар Марат, Дархан Карипов, Нұржан Арман, Бақытжан Қахар
  • Қоюшы оператор - Қаныбек Қалматов
  • Қоюшы суретші - Камила Нугманова
  • Композитор - Абай Ақбаев
  • Продюсерлер - Данияр Хатим (бас продюсер), Бұхар Марат, Анара Жүнісова, Анна Чакиртова

Басты рөлдерде:

  • Жұлдыз - Ұлбосын Шалқарова
  • Қуат - Олжас Абай
  • Шынар - Мадина Оспан
  • Жасұлан - Нұрсұлтан Үсенов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар