Белгілі заңгер Айман Умарова жаңа Ата заңның жобасындағы тіл мен жер туралы баптарға пікірін айтып, желідегі дүрбелең туғызатын хабарламаларға сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңгер тіл туралы тақырыпты қозғағанда дискриминацияға жол берілмеу керегін айрықша атап өтті.
«Кей адамдар тек қана қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде жазылуы керектігін айтып жүр. Әрине, ана тіліміздің мәртебесі жоғары, солай болуы да керек. Бірақ бұл жерде халықаралық конвенцияларды алатын болсақ, дискриминация деген мәселе бар. Қай жерге барсаң да, мысалы Америкада испан тілінде сөйлесеңіз, оларға ешкім «испанша сөйлегеніңіз үшін жұмысқа алмаймыз» демейді. Түсінесіз бе? Бұл жерде кім қай тілде сөйлегісі келеді, сол тілде сөйлейді. Бірақ әлбетте, ағылшын тілін білмегендердің өзіне қиынырақ болады», – деді Аайман Умарова Instagram желісінде жаңа Конституцияны талқылау жөніндегі тікелей трансляцияда.
Заңгер өз елімізде де Кеңес заманында туған, әлі қазақша сөйлей алмайтын азаматтарымыз бар екенін еске салды.
«Егер қазір біз қазақ тілінде сөйлей алмайтын қазақтарға «енді бәрі тек қазақша болады» десек, оларға дискриминация болады. Соны түсіну керек. Уақыт өтеді, уақыт өткен соң, кішкене де болса өзгерістер орнай бастайды. Дәл қазір мұны жасау қиын, себебі дискриминация жасау – мүлдем дұрыс емес», – дейді Айман Умарова.
Сонымен бірге, спикер жаңа Конституцияда жер туралы да ешбір өзгеріс енгізілмегенін айтып, қауесет сөздерге сенбеуге шақырды.
«Желіде көптеген қолданушы «жеріміз сатылатын болды» деп дүрбелең туғызуда. Менің айтарым – ешкімге сенбеңіздер. Мына жерде мен нақты қарап отырмын, жер туралы ешқандай өзгеріс жоқ. Жер туралы өзгеріс болады дегенді ешкімнен естіген жоқпын. Қазіргі Конституцияда қалай жазылса, тура солай қалдырылған. Жер туралы ешкім ешнәрсе деп жатқан жоқ», – деп сөзін түйіндеді Айман Умарова.
