Жер қойнауына қатысты заң төңірегінде текетірес туды: кім кімнің мүддесін қорғап отыр?

Сағыныш Сардарова 23 қаз. 2024 13:52 2219

Мәжіліс отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулердің таныстырылымы барысында депутаттар арасында дау туындады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжілісте Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин алғашқы сауалды қойды.

«Геология комитетінің геологиялық ақпаратты есепке алу, сақтау, жүйелеу, жинауды, қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі құзыретін ұлттық операторға беру жөнінде норма көзделген. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында «Тиімді ұлттық геология қызметін құру керек, бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополиске айналмауы тиіс. Оның міндеті — инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру» деп тапсырма берді.

Бұл жерде мүдделер қақтығысы туындамай ма? Мемлекеттік функцияларды ұлттық оператор ретінде акционерлік қоғамға беру дұрыс па? Бұл мемлекет меншігіндегі геологиялық ақпараттың жоғалуына әкелмей ме? Өйткені ұлттық геологиялық қызметті жекешелендіру қаупі бар. Осы түзетулерді қабылдау ұлттық қауіпсіздіктің шайқалуына алып келмей ме? Ұмытпауымыз керек, Конституцияның 6-бабы бойынша бүкіл байлық халықтікі, жекеменшіктікі емес. Оны мемлекет басқаруы керек» - деді депутат.

Бұл сауалға Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров жауап берді.

«Геологиялық ақпарат Геология комитетінде, мемлекеттің меншігінде болуы керек. Геологиялық ақпараттар біздің Геология комитетінің балансында. Оны цифрлы форматқа көшіріп, бірыңғай порталға қою көзделіп отыр. Пайдалы қазбалар жөнінде құжатты уәкілетті органға беру қаншалықты ақтайтынын түсіну қиын. Сондықтан геологиялық ақпарат Геология комитетінде болуы керек», - деді ол.

Мәселеге депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов араласты.

«Өткен жолы жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңға өзгертулер енген кезде осыған ұқсайтын сұрақ болды. Мен оған қарсы болдым. Ең соңында Альберт Павлович қолдаған жоқ. Президентке барып тоқтаттым. Президент әкімшілігі комиссия құрып, сол комиссияда дұрыс емес екенін дәлелдедім.

Қазір де қаралып отырған нәрсеге түбегейлі қарсымын. Тікесін айтайын. Жер қойнауын 20 жыл басқарған адаммын. Бұл мәселенің бәрін бір кісідей білемін. Мемлекеттік мүддені акционерлік ұйымға беру деген - мүлдем қате. Әрине, комитет министрліктің қарауында. Мынадай сұрақ қояйын деп едім: жұмыс тобына бұрын қатысқан жоқпын. Мынаны Үкіметке қарауға қай уақытта жіберді және Үкіметтен кім берді? Үкіметтің адамы берген болса, анық-қанығын анықтайық. Неге ол бұл тиімді деп санайды? Бұл түбегейлі дұрыс емес. Бірнеше позиция бар. Неге екенін айта аламын. «Үкіметтің қорытындысы бар» дейді. Не үшін қарап отырмыз онда? Мынаны берген Үкіметтің адамы Үкіметтің жағдайын ойлайтын кісі емес. Өте дұрыс емес, қате», - деді ол.

Ал Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, заң жобасының әлі таныстырылымы жүріп жатыр, жұмыс тобы басталмаған.

«Жұмыс тобында сіз де барсыз, мен де бармын, бұл мәселені микроскоппен қараймыз», - деді ол.

Бақтықожа Ізмұхамбетов сұрағын қайта қойды: «Қай уақыттағы жұмыс тобы Үкіметке жіберді? Қашан? Қай министрліктермен, қай министрмен келісілген? Мен анықтап, аяғына дейін апарамын. Қоқан-лоқы жасап отырған жоқпын».

«Былтыр қазанда. Бұл — бастамашыл заң жобасы», -  деді депутат Альберт Рау.

«Біз жұмыс тобымен талқылап жатсақ, сіз бұл «Үкіметпен келісілген» деп төтесінен қойып отырсыз. Қай жұмыс тобы жіберді? Мен былтыр да депутат болдым, менің қатысуымсыз істеп жатсыздар. Өте қате. Мен не үшін екенін білемін. Кім бұл мүддені «лоббировать» отырғанын да білемін. Қаласаңыз, атап бере аламын», - деді Ізмұхамбетов.

«Бұл - бастамашыл заң жобасы. Әрбір түзету Президенттің тапсырмасы негізінде жасалған», - деді Рау.

«Президенттің тапсырмасы - бәрін мемлекеттің мүддесіне сай заңды жолмен жасау», - деді Ізмұхамбетов.

«Бұл - өте ауыр айып. Мені мемлекеттік мүддеге қарсы деп ешкім айыптай алмайды», - деп жауап берді Рау.

Мәселеге араласқан Еділ Жаңбыршин заң жобасын жұмысқа енді алып жатқанын, әлі талқылайтындарын мәлімдеді.

Айта кетейік, кеше Мәжілісте Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулердің таныстырылымы өтті. Заң жобасына Мәжіліс депутаттары Альберт Рау мен Константин Авершин бастамашы болды.

Мәжілістің ақпаратына сүйенсек, жобаның негізгі мақсаты - жер қойнауын пайдалану саласындағы ашық әрі бәсекелестік тәртіпті нығайту. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталын «бірыңғай терезе» ретінде заңнамалық тұрғыдан реттеу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар