Жеңіс Түркия: «Мақсатымыз той тойлап, доп қуалау емес»

Dalanews 19 мам. 2016 00:02 939

– Жеңіс аға, өзіңіз басқаратын «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры» күні ертең халықаралық деңгейдегі үлкен спорт додасын өткізуге дайындалуда. Алдымен осы шара жайлы тоқталып өтсеңіз?

– Биыл барша қазақ баласы үшін баға жетпес құндылығымыздың бірі және бірегейі – Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Ширек ғасыр аз уақыт емес. Осы аралықта еліміз бағдарын түзеп, бағытын айқындап, тұғырын бекітті, тамырын тереңге жая түсті. Бұл әлемдегі қазақ жұрты үшін үлкен қуаныш, зор мерей. Тәуелсіздігіміздің осындай атаулы мерекесі мемлекет көлемінде кеңінен тойланып жатыр. Оған үн қосу ел азаматтарының борышы болғандықтан біз, яғни «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры» тәуелсіздіктің 25 жылдығына және осыған тұспа-тұас келген Зуқа батыр Сәбитұлының 150 жылдық мерейтойына орай Алматыда «Ер Жәнібек кубогы» үшін шағын футболдан халықаралық турнир өткізбекпіз.

– Осы арада оқырмандарымызға түсінікті болу үшін Зуқа батыр жайлы айта кетсеңіз?

– Тәуелсіздік бізге жайдан-жай келе салған жоқ. Елдің азаттығы, ұлтының бостандығы жолында талай арыстарымыз, нар тұлға батырларымыз құрбан болды. Бүгін біз тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде шалқып жүрсек, сондай боздақтарға қарыздармыз. Зуқа батыр 1866 жылы Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірінде дүниеге келген. Кейін Қытайға қарасты Алтай өңіріне көшіп барып, сонда тұрақтайды. Әділетшіл, әлсізге қорған, панасызға қамқор болған батыр Қытай билігінің өктемдігіне батыл қарсы тұрды. Азулы ұлықтардан ауыл-аймағын қорғады. Алтайға лаң салмақ болған Бәкіш генерал бастаған ақ орыс әскерлеріне де айбар танытып, еліне аяғын бастырмады. Қысқасы, Зуқа ұлтының азаттығы, елінің намысы үшін күрескен тұлға. Кейін ол Қытай билеушілерінің жасырын қастандығымен өлтіріліп, басы алынды.

Міне, тәуелсіздік ұғымы осындай боздақтарымызбен тікелей қатысты болғандықтан, біз Қор атынан ұйымдастырып жатқан шарамызды Зуқа батырдың рухына да арнадық. Негізі, батырдың меретойы жыл басынан бері елімізде және Еуропа мемлекеттерінде тұратын батыр ұрпақтарының бастамашы болуымен халықаралық деңгейде атап өтілуде. Мамырдың 20 күні біз де алдымен батырға ас беріп, рухына құран бағыштап, ертеңінде ресми шарамызды бастаймыз.

– Жалпы, туринрдің негізгі мақсаты не? Спорт бәсекесіне қатысуға шетелдегі қандастарымыздың қызығушылығы қалай болды?

– Бізге, қазақ баласына ең керегі береке-бірлік. Тәуелсіз ұлттың ұрпағы ынтымақты, бір ниетті болса алға өркендей бермек. Шарамызды спорттық бағытқа арнау арқылы салауатты өмір салтын сақтауды нысана еттік. Ең бастысы, біз осы жарысқа шетелдегі қазақ жастарын шақыру арқылы олардың Атажұртына келіп, Қазақстан сынды тәуелсіз елінің тыныс-тіршілігін сезініп, бұндағы ел-жұртының ықыласын білуін мақсат тұттық. Сол арқылы жастарымызға ұлтын сүйетін, тәуелсіз еліне шын құрметпен қарайтын, бағалайтын, отаны үшін барын арнайын сезім бағыштап, оны күшейтуге титтей де болса үлес қосу. Бүгінде Еуропа мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыз көп. Олар жыл сайын өз күштеріне сүйеніп, талаптанып, Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайын өткізіп тұрады. Мәселен, биыл кезекті құрылтай Германияның Келнь қаласында болды. Ондағы мақсат жиналып алып той тойлау, доп қуалау емес, өзге елде тұрып, солардың ықпалына ұшырап жатқан ұрпағын бір-бірімен таныстырып, жақын қылу, тегін, туысын, қанын ұмыттырмау. Тілін, мәдениетін, дәстүрін жаңғырту, есіне салу. Бұндай игі дәстүрлері үшін ондағы қандастарымызға рахмет айтамыз. Біздің де ойымыз осы. Ондағы жастарды қазақ жұртына тартып, қара шаңырақ Қазақстанмен жақын таныстыру. Алдағы уақытта жастарымыздың өз еліне оралуына себіміз тисе – біз үшін үлкен мерей.

Осы реткі шараға шетелде тұратын қандастарымыз оң ықылас танытты. Қызығушылықтары жоғары. «Ер Жәнібек кубогы» үшін биыл екінші рет жарыс өткізіліп отыр. Бұйыртса, алда әлі көп елдерден команда келеді деп сенеміз. Ал, осы жолғы жарысқа 8 елден команда қатысады. Болашақа шараның ауқымын тіпіті де кеңейте түссек деген ой бар.

–  «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры» ұлт руханиятын көтеруде, тарихын түгендеп, мәдениетін байытуда үлкен игі істер атқарғанын білеміз. Мәселен, 2014 жылы Ер Жәнібек бабамыздың 300 жылдық мерейтойы да жоғары деңгейде аталып өтті. Қандастарымыз шоғырланған көптеген шет мемлекеттерде тойланды. Сол арқылы халықтың рухы көтеріліп, өткеніне деген құрметі, өзара сенім, бірлігі нығая түсті. Рұқсат болса, Қордың атқарған шаралары және алда істеуге тиісті жұмыстарынан оқырманға ақпарат бере кетсеңіз?

– «Ер Жәнібек қоры» құрылған аз уақыттан бері хал-қадерінше еңбектеніп келеді. Қор атқарған істердің бәрін тізіп отыру ыңғайсыз болар. Десе де, оқырманға мәлімет үшін айта кетейін. Былтырғы жылы танымал жазушы, әйгілі «Қаһарлы Алтай» трилогиясының авторы Жақсылық Сәмитұлының 75 жылдығын өткізуге ат салыстық. Конференциядағы ғылыми баяндамаларын жинақ етіп шығардық. Кітап бастыру туралы айтар болсам, биыл Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай алаштанушы, ғалым Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан» атты кітабының үш тілде жарық көруіне демеушілік жасадық. Оның алдында Қытайдағы таңдаулы жас қазақ ақындарының жырлары топтастырылған «Сексеуілдің шоғы» атты жыр жинағын шығардық. Аталған жинақ оқырман тарапынан жақсы бағаланды. Кітатың алғы сөзін белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай жазып, жылы пікірін білдірді. Биыл Зуқа батырдың 150 жылдық мерейтойына орай тағдырлы жазушы, қаһарман қаламгер деуге лайық Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романын қайта бастырып, оқырманға жетуіне жақыннан жәрдем бермекпіз.

Алдағы жоспарлар туралы айтар болсақ, қазақ үшін ең бір киелі ұғымның бірі Алаш десек артық емес. Бұйыртса, келесі 2017 жылы Алашорда үкіметінің құрлынғанына 100 жыл толады. Осы мерейтойға байланысты кітаптар шығарсақ дейміз. Сондайқ-ақ, келер жылы Халифа Алтайдың 100 жылдығы, танымал ғалым марқұм Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың 90 жылдығы секілді ауқымды шаралардың ойдағыдай өтуіне атсалысуды ойластырып отырмыз. Ары қарайғы жұмыстарды уақыт талабы, қоғам қажетіне сай көре жатармыз.

– Қор жұмыстарына қолдау көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстарға ниеттестік таныту жағы қалай?

– Әрине, қоғамдық қор болған соң мүмкіндігімізге қарай өз қаражатымызға сүйенуге тура келеді. Ал, жұмыс барысында «Дүние жүзілік қазақтар қауымдастығы», Алматы және Астана қаласы мен облыс әкімдіктері, өзге де мемлекеттік мекемелер, «Нұр Отан» партиясы, «Қазақстан Жазушылар одағы», тағы басқа ұйымдар бастамаларымызға ниеттестік танытып, қолдау көрсетіп келеді. осы орайда аталған ұйым, мекеме басшыларына алғысымыз зор екенін білдірмекпін. Сондай-ақ, Қор бастамасымен қолға алынып жатқан істерді қолдаған ниеттес азаматтарға, зиялы қауым өкіллеріне, өнер қайраткерлеріне, БАҚ өкілдеріне, Қор төңірегінде қызмет атқарып жүрген жастарға, арттан еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға рахмет айтқым келеді.

Шеттегі қандастарымыздың елге оралуына, отанға ат басын бұрған ағайынның қазақ мемлекетіне сіңіп, елі үшін қызмет етуіне барымызды саламыз. Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып, өркендеуі жолында еңбек ету біз үшін үлкен жетістік.

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз ілгері баса берсін!

Сұхбаттасқан Мұрат Алмасбекұлы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар