Жемқорлықпен күресіп жүрген Дидар Смағұловқа Ресейге кіруге тыйым салынған

Сағыныш Сардарова 16 мам. 2025 09:55 448

"Әділдік жолы" РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов өзіне Ресейге өмір бойы кірмейтіндей шектеу қойылғанын айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"РФ "ФСБ" (федералды қауіпсіздік қызметі) маған олардың еліне кіруге өмір бойына тыйым салды. Көңіл күйім түсті дей алмаймын, бірақ досыма сол жақтағы заңды мәселесін шешуде көмектесе алмағаным өкінішті. Шын мәнінде, сол мақсатта баруға тура келді", - деді ол.

"Алтайдың оң жағындағы қазақ ауылдарына барып, ет жеу үшін әлі күресеміз", - деп жазды ол.

Айта кетейік, Дидар Смағұлов Қазақстандағы жемқорлық қылмыстарын ашық жариялап жүр. Миллиардтаған бюджет ақшасы қайда кетіп жатқанын да бүкпесіз айтады. 

Бұған дейін кімдерге кіруге тыйым салынған?

Еске салайық, бұған дейін депутат Ермұрат Бапиге де Ресейге кіруге тыйым салынғаны хабарланды.

"Қазақстандық сарапшылармен әңгімелесуден кейін Ресей өз аумағына кіруге тыйым салған Қазақстанның кейбір азаматтарының есімдерін анықтауға мүмкіндік туды. Олардың қатарында саясаттанушылар Досым Сәтпаев пен Димаш Әлжанов, қоғам қайраткерлері Мұхтар Тайжан мен Тоғжан Қожалы, Қазақстан Парламентінің депутаттары Ермұрат Бапи мен Айдос Сарым бар", - деп жазды DW басылымы бұған дейін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар