Жемқорлардың "капиталы" игі мақсатқа жұмсалады

Dalanews 02 қыр. 2022 14:29 694

Соңғы кездері түйені түгімен жұтып, бюджет қаржысына қол салған әртүрлі деңгейдегі басшылар мен экс-президенттің айналысындағы адамдар ұсталып, құзырлы органдардың назарына ілікті.

«Жаңа Қазақстан» құруда Мемлекет басшысы  ілкіміді істерге қадам басты. Ендігі жерде «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп атап өтті Президент өз Жолдауында.

Осы ретте елімізде апатты  жағдайдағы әрі үш ауысымды мектептердің барлығы белгілі.

Ал Президент: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз.

Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – дегенді баса айтты.

Dalanews.kz осы орайда белгілі саясаттанушы Ерлан Ақылжанұлының пікірін білген еді.

«Осы күнге дейін жемқорлық фактісі бойынша істі болғандардың қаржысы қайда кетіп жатқанын білмедік. Енді Президент Жолдауда айтқан дүниелер іске аса бастаса, көзге көрініп, көпшіліктің көкейінде жүрген күдік сейілер еді.

Соңғы жылдары әсіресе Тоқаев президенттікке келгелі бері, сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандар көбейді.


Әсіресе Қаңтардан кейін ірі-ірі шортандардың ауға түсіп, олардың ірі көлемінде қаржы жымқырғаны белгілі болып, әшкереленді. Енді сол мол қаржының нақты жұмсалатын көзі белгілі болды. Бірақ бұл бірден мектеп жетіспеушілікті азайтады деген сөз емес. Мұны білім ордаларының санын көбейтудің бір инструменті ретінде қарастырған жөн», – дейді Ерлан мырза.

Жолдауда 2025 жылға дейін еліміздегі 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалу керектігі айтылды. Бұл да қазіргі таңдағы әсіресе шалғайдағы бояуы сіңіп, қабырғасы тозған білім ордаларының орнына, оқушылар соңғы үлгідегі мектептерде білім алады деген сөз.

Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса ханым білім беруге қатысты тың әрі серпінді ұсыныстарды жаза келе, 800 мың баланы жаңа мектепке ораналастыру үлкен әлеуметтік мәселені шешкелі отыр деген ой айтты.

«Мемлекеттің күші - сапалы, сауатты азаматтық қоғамның қалыптасуына тікелей байланысты екенін ескерсек, президент ұсынған концепцияны жан-жақты талқылап, жонып, ең тиімді түрде жүзеге асыру аса қажет. Бұл тұрғыда, жолдауда айтылған басты месседжтің бірі - мемлекет мүддесін жеке мүддесінен жоғары қоя білу ұстанымын Президенттің өз басынан бастап, астын сыза көрсетуі маңызды үндеу», – деп атап өтті ол.

«Демек, Жолдаудың қолдауын емес, сапалы әрі сауатты іске асыру маңызды болмақ. Олигархтар, заңсыз әрі түрлі жолдармен байығандар, бюджетке қол салғандар жауапқа тартылатын кез келді», – дейді заңгер Болат Сыздық. «Қазақстанның байлығы қайда кетпеді. Шетке кетті. Енді сол қаржылардың едәуір бөлігі елге қайтарылатын болса, жаңа мектептердің бой көтеруіне ғана емес, басқа да әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге қол жеткізер едік. Әрине, бұл жерде айту бір басқа, енді оны іске асыру, құқық қорғау органдарының қызметіне байланысты. Алайда дәл сол қаржыға мектеп салу мәселесі қарап қалған жоқ. Дегенмен тәркіленген мүліктің осы бағытта жұмсалуы құптарлық жайт», – дейді Болат Кенелұлы.

Ел дамуының ең басты жауы - парақорлықпен күресті күшейту қажет. Бұл тұрғыда әлі де көп өзгерістер мен реформалар сұранып тұрғаны анық.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар