Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген қаржыға тағы 28 мектеп салынады, деп хабаралйды Dalanews.kz.
Қазақстанда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың балаға арналған тағы 28 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Аталған қор сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтижесінде тәркіленген қаражат есебінен толықтырылады. Оның басты мақсаты – мектептердегі орын тапшылығын азайту, апатты жағдайдағы ғимараттарды жою және білім беру инфрақұрылымын дамыту.
Министрліктің инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсутовтың айтуынша, қазірдің өзінде 74,4 мың оқушыға арналған 61 мектеп пайдалануға берілген, оның 29-ы ауылдық жерлерде орналасқан. 2024 жылы 25 мектеп бой көтерді, олардың басым бөлігі Астана, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында салынған. Жалпы, қор қаражаты есебінен 100 мыңнан астам оқушыға арналған 89 мектеп тұрғызылды.
Айта кетейік, бұған дейін Антикор өкілі Данияр Бигайдаров пара үшін сотталғандардың тізімі антикор базасында жарияланатынын мәлімдеген еді.
Айтуынша, бұл жобаның профилактикалық маңызы зор. Себебі әр азамат біреудің жіберген қатесінен сабақ алады.
“Қазіргі уақытта заңнамалық инициатива бірінші қаралымнан өтті. Ашық тізімді енгізу бақылауды арттырудың тиімді құралы. Бұл тізім жоба бойынша Антикор порталында жариялануы тиіс. Егер заң қабылданса, оның профилактикалық маңызы зор. Өйткені еліміздің әрбір азаматы жемқорлықпен ұсталып, сотталған кісілерді ашық түрде көре алады. Профилактикалық маңызы зор деп айтуымның себебі де — осы. Бұл басқа азаматтардың осы тізімге қосылудан аулақ болуына әсер етеді”, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жемқорлардың тізімі ашық түрде жариялануы мүмкін екені айтылған еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың мәлімдеуінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң қабылданған жағдайда, жемқорлық үшін сотталғандардың тізімі ашық түрде жарияланбақ.
Жаңа тізілім сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық шара ретінде енгізіледі.
Тізілімге ауыр және аса ауыр жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдардың есімі енгізіледі. Бұл процесс соттың заңды күшіне енген үкімі негізінде жүзеге асырылады. Егер адам ақтау үкімін алса немесе оның соттылығы жойылса, оның аты-жөні тізімнен алынып тасталады.
Тізілімді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізеді және ол ведомствоның ресми сайтында ашық түрде қолжетімді болады.