Желтоқсан көтерілісі кезінде Германиядағы қазақ жастарының жасаған Үндеуі табылды

Dalanews 04 жел. 2021 03:22 1314

1986 желтоқсан көтерілісі кезінде Германиядағы қазақ жастары Алматыда Кеңестік жүйеге қарсы шыққан жастарды қолдаған Үндеуі жарияланғанын естіген едім. Бірақ ұзақ уақыттан бері осы тарихи Үндеу жайында қолда нақты дерек, құжат болмаған соң ел сенбей қалама деп үндемей келген едім. Жақынла қағаздарымның арасынан көптен іздеп жүрген сол кезінде сақтап қойған бір жапырақ тарихи құжатты тауып алдым, – деп хабарлады Өмірхан Алтын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мыңдаған зиялыларымыз бен миллиондаған қандастарымызды қынадай қырған қанішер Кеңес одағының кезекті рет Қазақтың ұлттық ар намысын таптауына төзе алмаған асқақ рухты Қазақ жастары 1986 жылы 16-шы желтоқсан күні ұлт азаттық көтерілісіне шықты.

Қазақтың ұлт мүддесін ойлап алаңға шыққан батыр ұл-қыздары Мәскеудің қан ішер жендеттері тарапынан асқан қатыгездікпен азапталып, кейбіреулері шайіт етіліп жатты.

Көп уақыт өтпей Қазақ жастарының көтерілісі туралы мәліметтер батыс елдеріне де жетті. Ұлт-азаттық көтерілісіне шыққан Қазақ жастарының аса ауыр соққыға ұшырап, жағдайларының нашар екенін естіп, біліп отырдық.

Өкінішке орай жер шалғай болғандықтан барып көмектесуге шамамыз жетпеседе, Германияның бірнеше қаласында оқып жүрген Қазақ жастары болып қарап отырмайық деп қандастарымызды қолдап, 22 желтоқсан күні бір баспасөз мәлімдесі жарияладық.

Ол уақыт мен Батыс Берлінде оқып жүрген болсам, кейбір бауырларымыз Кельн және Мюнхен қалаларында оқып жүрген еді.

Әр кім қолынан келгенінше баспасөз мәлімдемесін тиісті орындарға таратты. Мәлімдеменің түп нұсқасы Мәскеу жендеттерінің көтеріліске қатысқан Қазақ жастарын жаппай жаныштауына қарсы негізгі наразылық шарасы ретінде ол кезде Батыс Германияның астанасы Бонн қаласындағы Кеңес одағының елшілігіне тапсырылды.

Төменде сол аталған тарихи мәлімдеменің өзім сақтап жүрген көшірмесін дәлел ретінде назарларыңызға ұсынамын.

Қысқаша айтар болсақ бұл Үндеуде Германиядағы Қазақ оқушылар мен студенттердің Алматыда орын алып отырған жағдайға қатты алаңдаулы екені және мұның негізінде Қазақстан  мен Қазақтарды орыстандыруға арналған ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан империалисттік саясаттың салдары екені келтіріледі.

Ары қарай қалықаралық көлемде бейбітшілік деп жар салып жүрген Горбачебтің ең алдымен өзі басқарған мемлекетте бейбіт өмір орнатып, Қазақтардың өздерін-өздері басқару құқығының тапталмауы және қамауға алынған Қазақ жастарының дереу босатылуы талап етіледі.

Сонымен 1986-шы жылдың желтоқсанында қандықол отаршыл Мәскеу жүйесіне қарсы ұлт азаттық көтерілісіне шыққан Қазақ жастарын алыстағы қандастары болып бір Үндеумен де болса қолдауға тырысқан едік.

Еркіндік аңсаған батыр рухты Қазақ жастарының ұлт азаттық көтерілісі нәтижесінде қанішер совет одағы құлап, құлдықтағы Қазақстан мен қатар басқа да көптеген елдер тәуелсіздікке қол жеткізді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар