Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жеке мектептер саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты қатаң шаралар қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, 1 ақпаннан бастап жеке мектептердің қызметін тек Білім министрлігі емес, құқық қорғау органдары да тексере бастайды. Депутаттың сөзінше, соңғы жылдары бірқатар жекеменшік мектептер мемлекеттік қаржыны заңсыз пайдаланып келген.
«Мен бірден айтайын, жеке мектептің иелері 1 ақпаннан бастап министрден емес, құқық қорғау органдарынан тексеруге барады. Бүкіл ұрлаған ақшаны қайтаруға жұмыс істейді. Тек қана ұрсып қоймай, жауапқа тартады, түрмеге қамайды ұрлаған адамдарды. Соған дайын болу керек. Тағы бостан-босқа шулатудың қажеті жоқ», – деді Мұрат Әбенов.
Оның айтуынша, мемлекеттен бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуы жай тәртіпбұзушылық емес, қылмыс. Сондықтан ендігі жерде тек ескерту жасаумен шектелмей, нақты жауапкершілік болады.
Депутат жеке мектептердің бәрін бірдей айыптауға болмайтынын да атап өтті.
«Бәрін бірдей жаман деп айта алмаймын. Жақсы мектептер де бар, оларды қолдауымыз керек», – деді ол.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, тексеріс негізгі екі бағытта жүргізіледі:
– мемлекеттік қаржының қалай жұмсалғаны;
– мектеп ашуға берілген рұқсаттардың заңдылығы.
Осылайша, мемлекет қаржысын жеке бизнеске айналдырғандар үшін «жай тексеріс» кезеңі аяқталмақ.
